Шавкат Рахмонов танымал блогерге сұмдық әрекет жасаған

Алматыда UFC файтері Шавкат Рахмонов пен танымал ММА-блогері Сулла Хуфу арасында дау шықты, деп хабарлайды Arbat.Media Sportinside.kz-ке сілтеме жасап.

Даудың туындауына себеп болған – блогердің Шавкатқа қатысты айтқан сыни пікірі мен кейінгі жеке кездесу кезіндегі қауіп төндіру әрекеті. Осы оқиға спорт әлемін ғана емес, жалпы журналистиканың еркіндігіне алаңдаушылық білдірген көпшілікті екіге жарды.

2025 жылғы 9 маусым күні Сулла өз әлеуметтік желіcіндегі парақшасында Шавкат Рахмоновтың болашағына күмән келтіретін пікір білдірді. Ол Шавкат Рахмоновты «жұлдыз ауруына шалдыққан» деп сипаттап, «мотивациясы жоғалған, чемпион болуға ұмтылысы қалған жоқ» деген сыни көзқарасын білдірді. Сонымен қатар, ол Рахмоновтың титулды жекпе-жектен бас тартуын да сынға алды.

Блогердің айтуынша, Гэрриге қарсы соңғы жекпе-жек кезінде Шавкат жеңіліске ұшырай жаздаған.

«Егер ол шынымен чемпион болғысы келсе, әрекет етуі керек еді. Бірақ менің байқауымша, ол тек ақша тауып алды да, ары қарай күресуге қызығушылығы азайды», – дейді Сулла.

Ол сондай-ақ Шавкаттың жарақатқа байланысты титулдық жекпе-жектен бас тартуын сенімсіз деп тапты.

«Жарақат туралы нақты дерек жоқ, тек суреттер ғана. Ешқандай баспасөз конференциясы да өткізілген жоқ», – деді блогер.

Бұл пікір көпшілікті екіге бөлді: бір бөлігі блогердің ойын қолдаса, екіншілері Шавкатты қорғап шықты. Жанкүйерлер арасында қызу пікірталас туды. Шавкат Рахмоновтың өзі бұған ешқандай ресми пікір білдірмеген.

Алайда 13 маусым күні Алматыдағы бокс кешінде блогер мен спортшының бетпе-бет кездесуі орын алды. Осы кездесуден кейін Сулла Хуфу Шавкат тарапынан нақты қауіп төнгенін ашық айтты.

Сулланың айтуынша, олар Фаниль Рафиковтың жекпе-жегінде кездесіп қалған. Жолыққан кезде Шавкат блогерге: «Сені іздеп жүр едім, сөйлесуіміз керек» деп, оны жеке бөлмеге алып кіріп, жабық есік артында агрессиямен сұрақ қойған. Блогердің айтуынша, Шавкат қолмен кеудесіне жеңіл соққылар жасаған, әрі келесі жолы аямайтынын айтқан.

«Бұл әзіл емес. Бұл – нақты қауіп. Ол ашулы болды, көзінде ыза бар еді. Мен оның алдында тұрып, тек үндемей тұрдым. Мен тек: “Шавкат, мен сені естідім, түсіндім”, – деп жауап қайтардым», – дейді Сулла.

Ол Рахмоновтың агрессиясының екі себебі болғанын айтты. Бірі – «жұлдыз ауруы» туралы сөз болса, екіншісі – Сулланың Жалғас Жұмағұловты Қазақстандағы үздік ММА спортшысы деп атауы. «Бұл менің субъективті пікірім ғана. Ешкімді қорламадым, тек жеке бағамды білдірдім», – деді блогер.

Сулла бұл оқиғаны көпшіліктен жасырмай, халыққа ашық айтуға бел буды. Ол өзінің өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін айтып, журналистер мен блогерлерге қысым жасалмауы тиіс екенін алға тартты.

«Біз – журналистерміз. Ешкімді қорламаймыз. Бірақ бізге өмірімізбен қорқытуға болмайды. Егер бүгін Шавкат бұлай жасаса, ертең басқа біреуі де солай етуі мүмкін. Бұл жағдайда үндемеуге болмайды», – деді ол.

Ол бұл оқиғаның спорт журналистикасының дамуына кері әсер ететінін де айтып өтті. «Егер бір рет осындай оқиға болып, ешкім қарсы тұрмаса, бұл нормаға айналады. Сонда біздің еңбегіміздің, спорт журналистикасының ешқандай құны қалмайды», – деп түйіндеді ол.

шавкат спорт бокс блогер

Тақырыпқа жаңалықтар