Сейсмологтар: Алматыда 7 балдан жоғары жер сілкінісі болмайды
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары6 қараша 2024, 12:00

Сейсмологтар: Алматыда 7 балдан жоғары жер сілкінісі болмайды

Алматыда 7 балдан жоғары жер сілкінісі болмайды. «Алаңдауға негіз жоқ» деген сейсмолог мамандар зілзалаға қатысты осындай болжам жасап отыр. Бүгін Алматы маңында магнитудасы төрт жарым болатын жер сілкінісі тіркелді. Қарқыны қала тұрғындарына 3 балл болып сезілген. Бірақ дабыл жүйесі сол күйі іске қосылмады. Тест жасап тексерілген Mass Alert жүйесінен де тұрғындардың телефонына хабарландыру түспеген, - деп хабарлайды Arbat.media.

Табиғаттың тосын мінезі деген осы шығар, деп жазады КТК телеарнасы.

Қас-қағым сәтте өте шыққан дүмпуден кейін мекептегі оқушылар мен мұғалімдер сыртқа қарай ұмтылып, арнайы орынға жиналды. Талғар ауданында — 10, Еңбекшіқазақ ауданында 6 білім беру мекемесінде сабақ тоқтатылып, 20 мыңға жуық бала үйіне қайтарылған.

Кешегі сілкіністі қатты сезген осы екі аудан. Өйткені зілзаланың ошағы сонда тіркелген, қуаты — 4 балл. Толқынмен Алматы қаласына да жетті.

Еңлік Құрманғазиева:

— Мен үйде жатқанмын. Жер сілкінісі басталды. Бірақ атып тұрмадым. Тез болды ғой. Қатты сезілді. Үрей болмады. Үйреніп қалғанбыз ғой.

Кейбірінің зілзаланы сезбей, не болғанын білмей жүргеніне де себеп бар. Дабыл жүйесі істемеді. СМС хабарлама бәріне бірдей келмеді. Дегенмен жыл басындағы қатты жер сілкінсінен кейін құлақтандыру жүйесіне бюджеттің 475 миллион теңгесі бөлгені ел есінде. Оның істемей қалу себебін төтеншеліктер магнитуданың аздығымен байланыстырады.

Алмас Құрманов, Алматыда төтенше жағдайды алдын алу басқармасының басшысы:

— Ол жүйе бүгінгі күнде магнитудасы 5,5 тен жоғары жер сілкінісін де ғана автоматты режимде Алматы халқына пуш-хабарлама арқылы ескерту жібере алады. Бұл жолы ол ескерту келген жоқ, өйткені, Алматыда болған жерсілкінісі бар-жоғы 3 балл. 3-4 балл Алматы қаласы үшін аялық режим болып есептеледі.

Төтеншеліктердің дерегінше, зілзаладан қираған ғимарат, зардап шеккендер жоқ. Дегенмен 112 желісіне тұрғындар тарапынан 100-ден аса қоңырау түсіпті.

Жалпы жыл басынан бері Алматыда 7мыңнан астам зілзала тіркелген. Бүгінгіні айтпағанда, басым бөлігі сезілмеген. Жыл соңына дейін де қатты жер сілкінісі болмайды деп, сейсмологтар оң болжам жасап отыр.

Дәулет Сәрсенбаев, ҚР ТЖМ «Сейсмологияны байқау және зерттеу» Ұлттық ғылыми орталығының директоры:

— Алаңдауға себеп жоқ. Әр азамат түсіну керек, біз қауіпті сейсмика аймағында тұрамыз. Сондықтан әрқашан да соған дайын болуымыз керек. Біздің комиссиямыздың болжауы бойынша, осы жылдың аяғына дейін қатты жер сілкінісін күтпейміз.

Дегенмен апат айтып келмейтіні белгілі. Алдымызда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Бірақ Алматының қауіпті сейсмикалы аймақта орналасқаны бәрімізге мәлім. Сондықтан төтенше жағдай кезінде қайда барып, не істеу керек екенін біліп жүргеніміз жөн.

Алматы Жер сілкінісі болжам

Тақырыпқа жаңалықтар