Сенатор Қазақстанда утильалым сомасын азайтуды ұсынды
Қазақстан азаматтары үшін импортпен келетін автомобильдің бағасы тым жоғары. Оған кедендік алымдар, кәдеге жарату төлемдері (утильалым) және алғашқы тіркеу төлемдері себеп болған. Бұл тұрғыда Сенаттың жалпы отырысында депутат Бекбол Орынбасаров еліміздің автопаркін жаңартудағы проблемаларды жария етті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Сенатордың айтуынша, депутаттарға кедендік алымдар, кәдеге жарату төлемдерінің мөлшері мен импортпен келетін автомобильдерді тіркеу туралы азаматтардың өтініштері үнемі келіп тұрады. Сенаторлар Үкіметке бірнеше рет депутаттық сауал жіберген болатын, алайда нақты экономикалық міндеттерге, ғылыми тұжырымдарға сүйенген және екі тарапты да қанағаттандыратын шешім әлі табылған жоқ. Нәтижесінде қарапайым қазақстандықтарға автомобиль сатып алу қиындап барады.
Депутат автокөлік алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы халықты жаңа автомобильдермен қамтамасыз ету мақсатын орындай алмағанын, ал жаңа және сапалы автомобильдерге қол жеткізудің қиындығы машинаны есепке қоюдағы заңсыздықтың көбеюіне себеп болғанын атап өтті.
Сенатор азаматтардан түскен шағымдарды талдау негізінде Үкімет басшысына утильалым құнын төмендетуді, кедендік бажды және автомобильді тіркегені үшін алым мөлшерін азайтуды ұсынды.
«Қозғалтқыш көлемі екі мың текше сантиметрге дейінгі, шыққанына 3 жылдан аспаған автомобильдер үшін утильалым мөлшерін 150 000 теңгеден аспайтындай етіп қайта қарауды сұраймын. Кедендік бажды есептеу кезінде оның көрсеткішін азайту жағына қарай қайта қарау керек. Қазіргі кезде автокөліктердің біразын Қытайдан Қазақстанға Қырғыз Республикасы арқылы әкелінетін фактілер бар. Өйткені автокөлік иелері ҚҚС пен бажды біздің мемлекетімізге қарағанда бірнеше есе аз төлейді. Шығарылған жылын қоса алғанда, бес жылға дейін көлік құралдарын мемлекеттік тіркегені үшін алым мөлшерлемесін 0,25 АЕК көлемінде қарастыруды ұсынамын. Аталған ұсыныстар Қазақстан азаматтарына сапалы және бағасы тиімді автокөліктерді алуға мүмкіндік береді деп сенеміз», - деді Бекбол Орынбасаров Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың атына жолдаған сауалында.
Айта кетейік, жақында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде утильалымға қатысты ешқандай өзгеріс болмайтынын мәлім етті.