Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бес бап бойынша тіркелді
Фото: ҚР ІІМ
QR IIM
Қазақстан жаңалықтары28 қазан 2024, 17:07

Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бес бап бойынша тіркелді

Алматы облысы Талғар қаласындағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс аясында қасақана кісі өлтіруге қатысты күдікпен 8 адам және қылмыс туралы хабарламау бойынша 3 адам соттың санкциясымен қамауға алынған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Мәжіліс депутаттарына берген ресми жауабында айтылған, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Министрдің жауабында келтірілген дерекке сенсек, Шерзат Полаттың өліміне қатысты Алматы облысы полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабымен (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істерді тіркеп, тергеуге алған.

«Тергеу барысы менің жеке бақылауымда, оқиға орнында министрліктің орталық аппаратының қызметкерлері де жұмыс істеп жатыр. Алғашқыда оқиғаның себебіне қатысты әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын әр түрлі мәліметтің көп таралуына байланысты министрлік (Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сай) 15 қазанда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізіп, кей тергеу мәліметтерін жария етті. Брифинг қоғамды алаңдатқан кейбір мәселелерді қамтыды», — деп жазылған Ержан Сәденовтің жауабында.

Ведомство басшысының сөзінше, қазір тергеу жалғасып жатыр, оның барысында оқиға болған жерде болған басқа да адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп, әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз.

Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.

Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.

Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.

Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.

12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

Сондай-ақ Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.

Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.

15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бахыт Қуатбекұлы Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылды.

Артынша, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен қуылды. Ал, Талғар ауданының әкімі Танат Есенкелдіұлы Айдарбеков және оның орынбасары Айбек Дүйсембекұлы Бидаев сөгіс алды.

Ішкі істер министрлігінің өкілдері БАҚ қызметкерлеріне Шерзат Болат қаза тапқан жерде камераға түсіп қалған видеоны көрсетті.

Прокуратура соттың ашық өтуін сұрайтындарын жеткізді.

Артынша марқұм Шерзат Болаттың ісі бойынша Алматы облысының бірнеше жоғары лауазымды полиция қызметкері қызметінен босатылды.

Парламент Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиевтен Талғар оқиғасына қатысты істің ушығуына Бауыржан Әленов те жауапты екенін айтқан болатын.

Шерзат Болат қамауға алу Қылмыстық іс Талғар

Тақырыпқа жаңалықтар