Шерзатты өлтіргендердің хуторлықтарға қатысы бар ма? — нақтысы айтылды

Шерзат ісі бойынша айыпталушы "хуторлықтар" туралы айтып берді, деп хабарлайды Arbat.media.

Жауап алу барысында адвокаттардың бірі: "Хуторский бандасы" бар ма?" деген сұрақ қойды.

Бұл сұраққа айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев жауап берді.

"Біздің ауыл - Тұрар Рысқұлов, атамыз сол жерде туып-өскен. Бұрын ол жерде көп орыстар тұрған. Сондықтан сол ауылды "Хуторский" деп атап кеткен. Кейін құрылыс көп салынғаннан, "Бригада" деген атауы болды. Бірақ ол жерде "хуторлықпын" "хуторский-95" деген сөз аузымнан шыққан жоқ", – деді Нұрбол Тоқтаубаев.

Бұған дейін марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотта Нұрбол Тоқтаубаев өзін "хуторлықпын" деп таныстырғанын айтқан болатын. Алайда айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев өзін "хуторлық бандасымен" ешқашан байланыстырмағанын мәлімдеді.

"Мен ешқандай бандит емеспін және өзімді "хуторлықпын" деп айтқан емеспін", – деді Нұрбол Тоқтаубаев соттағы жауап алу кезінде.

 

Айыпталушы Тоқтаубаев болған оқиға жайлы өз нұсқасын айтып берді. Оның айтуынша, ол Шерзат ұрып жіберген Дархан Әскентайдың өтінішімен "Камажай" дүкеніне барған. Айтуынша, ол Дарханның орнына Қаржаубайға сыра үшін қайта төлем жасаған, алайда кейін төлемнің бұрын жасалғаны анықталған.

"Маған, Дарханға жүгірді. Мен сабырға шақырдым. "Аға, айқай-шусыз шешейік, төбелес шығармай-ақ қояйық" дедім. Егер мен төбелес шығарғым келсе, мен хуторлық бандит болсам, сол жерде не үшін есепшотты төлеймін. Бірдеңе ісетейтін болса сол дүкеннің ішінде істейтін мүмкіндік болды ғой менде. Мен керісінше сабырға шақырдым", – деді Нұрбол Тоқтаубаев.

Айта кетейік, Нұрбол Тоқтаубаев "Бұзақылық" бабы бойынша айыпталып отыр. Онымен бірге оның бауыры Азамат Тоқтаубаев та айыпталушылар қатарында отыр.

Шерзат Полат Хутор Қаза

Тақырыпқа жаңалықтар