Щучинсктегі жарылыс: 8 адамның өліміне қатысты тағы 2 күдікті ұсталды
Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде болған жарылыстан 8 адам көз жұмды. Тергеу барысында тағы екі адам ұсталды, деп хабарлайды Arbat.Media.
20 сәуірде автомобиль газ құю станциясының директоры мен газ баллондарды жеткізуші ұсталды. Олар баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызметтер көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деген күдікке ілінді.
Күдіктілердің әрекеттері «Абайсызда екіден көп адамның ауыр зардаптары мен өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету» бабы бойынша сараланды. Олардың кінәсі дәлелденсе 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Күдіктілердің біріне қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылса, екіншісі - үй қамағына жіберілген.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.