Су тасқыны: Бейнеу ауданында Құлсарыдан келген 2,5 мың адам орналасты
Бейнеу ауданының әкімі табиғи апат салдарынан Бейнеу ауданына уақытша паналауға келген Жылыой ауданының тұрғындарымен кездесіп, жағдайларымен танысты. Қазіргі жағдай бойынша Құлсары қаласынан Боранқұл ауылына — 1694, Бейнеу ауылына — 932, Есет ауылына — 23, Ақтау қаласына — 324 адам жеткізілді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Боранқұл ауылында „Nobilis Corp“ ЖШС жатақханасында — 44 (29 бала) адам, „Керуен“ кэмпингі — 70 (30 бала) адам, „Шың“ кэмпингі — 10 (7 бала) адам, „ИнтерГазОрталықАзия“ АҚ „Опорный“ өндірістік басқармасының жатақханасында — 13 (7 бала) адам, „Опорный“ жалпы білім беретін мектебінде — 60 (34 бала) адам және Бейнеу ауылындағы „КАЖсервис“ ЖШС жылыту пунктінде — 26 (18 бала) адам орналастырылды, — деп мәлімдеді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Боранқұл ауылындағы «Боранқұл» жалпы білім беретін мектебінде — 130, «Қарақұм» жалпы білім беретін мектебінде — 50 орын, Сарға ауылында Бейнеу мектеп — интернатында — 37 және Бейнеу ауылы бойынша — 20 орын дайын тұрғаны мәлім болды.
Кеше су тасқынынан Жылыой ауданынды төтенше жағдай жарияланып, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары басталғалы бері 12 мыңнан астам жылыойлық қауіпсіз орынға көшірілді. Оның бес мыңы — балалар. Тұрғындар Атырау қаласына, Теңіз кенішіндегі вахталық қалашыққа және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына эвакуацияланды.
Осыған дейін Маңғыстауда Атырау облысындағы су тасқынынан кейін жедел желі қосылды.
Су басқан Құлсарыдағы ауруханадан 77 науқасты Маңғыстау облысына апаратыны мәлім болды.