Қазақстан жаңалықтары8 қараша 2023, 15:45

Сұйытылған газ бағасы бензин бағасымен теңесуі мүмкін

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сұйытылған газ бағасы бензин бағасымен теңесуі мүмкін екенін мәлім етті, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Сұйық газ тұтыну көлемі күрт өсті, ол негізі автомобильдерді газға ауыстырумен байланысты. Көліктерді әуесқой тәсілмен газ жағатын етіп қайта жабдықтау жаппай белең алды. Биыл сұйық газдың өндірісінен туындайтын теңгерім 25 пайыз артты. Қосымша көлем іздеуге тура келіп отыр. «Теңізшевройл» ішкі нарыққа ай сайын қосымша 10 мың тонна жеткізіп тұр. "ҚазМұнайГаздың" бүкіл көлемін ішкі нарыққа бағыттап, соның есебінен теңгерімді ұстап тұрмыз. Сұйық газ тапшылығы жоқ. Өңірлерге жеткізуден туындаған мәселелер бар болуы мүмкін,  осыны проблема деп отырмыз», - деді ол.

Министр қазақстандықтарға көлігін газға ауыстыруға асықпау керектігін айтты. 

«Осы қарқынмен газға ауыстыра беретін болса, келешекте газ өңдеу қуаттарының әлеуеті жетпей қалып, сұйытылған мұнай газын импорттауға мәжбүр болуымыз мүмкін. Онда баға мүлде басқаша, тіпті бензин бағасымен салыстыратындай деңгейге шығуы ықтимал. Сондықтан автомобиль тізгіндеушілерді көліктерін газға ауыстыруға асықпауға үндеп жүрміз», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Алмасадам Сәтқалиев сұйытылған газ бензин Баға

Тақырыпқа жаңалықтар