Шымкенттегі «Фосфоршылар» сарайы мемлекет меншігіне өтті
Шымкент қаласындағы «Фосфоршылар» сарайы мемлекет меншігіне өтті. Көптеген жылдан бері бос тұрған мәдениет үйіне биыл күзде жөндеу жұмыстары жүргізілмек, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Шымкент қалалық әкімдігінің Kazinform ақпарат агенттігі жолдаған ресми сауалына жауабында айтылған.
«2023 жылдың 13 қарашасында өткен «Дархан Групп» ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысының нәтижесінде «Фосфоршылар» сарайы ғимаратын шығарып, сыйға тарту шартымен Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы ұсыныс түсті. Шымкент қаласы әкімдігінің сыйға тарту шартын жасасу туралы 2023 жылғы 5 желтоқсандағы №2714 қаулысымен «Фосфоршылар» сарайы коммуналдық меншікке қабылданды», - деп жауап берді қала әкімдігі ресми сауалға.
Былтыр 28 желтоқсанда аталған нысан мемлекеттік тіркеуден өтіп, қалалық білім басқармасының меншігіне тіркелген.
«Бүгінде Шымкент қаласы әкімдігі мен «Сәби» қорының басшылығы арасында мәдени ғимаратты жаңғырту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қор тарапынан «Фосфоршылар» мәдениет сарайы қалпына келтіріліп, қала халқына сыйлық ретінде тарту етілмек», - дейді әкімдіктен.
Сондай-ақ, ресми ақпаратта ғимаратты жөндеу жұмыстары жоспар бойынша биыл күзде басталатыны айтылған.