Талғардағы жасөспірімнің өлімі: қаладағы қазіргі жағдай қалай
Фото: Александр Павский/ Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары15 қазан 2024, 0:12

Талғардағы жасөспірімнің өлімі: қаладағы қазіргі жағдай қалай

Қазан айының басында Талғарда қазақстандықтарды дүр сілкіндірген қайғылы жағдай болды. 16 жастағы Шерзат Болаттың кісі қолынан қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бірнеше күннен кейін көрші Азат ауылында марқұмның отбасы тұратын үйде өрт шықты. Осының бәрі тұрғындардың бойына қорқыныш ұялатты. Ол туралы олар әлеуметтік желілер арқылы жеткізді. Талғарға Kazinform агенттігінің фототілшісі барып, жергілікті тұрғындармен тілдесіп, шаһардағы қазіргі жағдайды біліп қайтты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Қайғылы жағдай Шерзат Болаттың отбасына тиесілі Менделеев көшесіндегі «Қамажай» дүкенінің маңында болған. Сауда нүктесі қазір жабық, бірақ кіреберіске тұрғындар гүл шоқтарын, ойыншықтар мен көңіл айту жазбаларын қалдырып кетіп жатыр. Осында келген тұрғындарды сөзге тартып көрдік.

«Бүгін қаладан анамды алып кетуге Талғарға келдім. Шерзат мерт болған жерге соға кетуді жөн көрдім. Анам Шерзаттың мамасын таниды — олар колхозда бірге жұмыс істеген. Олардың отбасы өте жақсы. Әрине, балаға обал болды. Өкінішті. Менің де 17 жастағы ұлым мен кішкентай қызым бар, олардың болашағына алаңдаймын. Қазір өмір қорқынышты болды. Мен өзім Талғарда 11-сыныпқа дейін оқыдым. Мұндай нәрсе ол кезде болмаған.

Жақында Түркияда болдым, ол жақтағы адамдар өте мейірімді, бір-бірін сыйлайды. Осы қалада тұратын туыстарымызға алаңдаймын. Кінәлілер жазасын алады деп сенемін», — тұрғындардың бірі.

Дүкеннің жанынан тағы бірнеше адамды кездестірдік. 29 жастағы Біржан есімді жергілікті тұрғын (аты-жөні өзгертілді) інісі Шерзаттың досы екенін айтты. Ол қайғылы оқиға туралы жаңалық әлеуметтік желіде пайда болмай тұрып-ақ ағасынан білгенін жеткізді.

«Бұл жаңалықты естігенде біз де есенгіреп қалдық. Бұл туралы ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл жерде біздің де туыстарымыз бар, олар үшін алаңдаймыз. Талғар шын мәнінде тыныш, жайлы, шағын қала. Мұнда колледж студенттері өте көп, кейде жасөспірімдер арасында төбелес болып жатады, бірақ бұл жиі емес. Менің ойымша, мұндай қақтығыстар барлық жерде болады, бірақ мұндай айуандық ешқашан болған емес. Бұл - хаос. Бізде де мектеп кезінде жанжал болды, бірақ мұндай жағдайға жеткен жоқ. Қазір әлеуметтік желілерде хутор бандылары, ұйымдасқан қылмыстық топ туралы айтып жатыр, алайда мен оларды кездестірген жоқпын. Егер бұл жігіттер желіде айтылғандай қаланы шынымен ұстаса, бәріміз Талғардан әлдеқашан көшіп кетер едік», — деп атап өтті Біржан.

Ол қаладағы «Хутор» деп Ақбұлақ, Береке және Рысқұлов сияқты бірнеше ауыл жататын аумаққа берілген атау екенін түсіндірді. Бұл жерлердің тұрғындары ауызбірлікті, әрқашан бір-біріне көмектесуге дайын тұрады.

«Қаламызда „Хуторские“ деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топ бар дегенге өз басым сенбеймін. Бұл жай қауесет», — деді ол.

Біздің тілшілер Талғар қаласының өзге де тұрғындарымен тілдесіп көрді, олардың көпшілігі қаланы шынымен де белгілі бір топтың үрейде ұстап отырғанына күмән келтірді.

Олардың айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топ туралы әңгіме шындыққа жанаспайды.

Бұл сауалға Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаевта жауап берді.

«Мен жергілікті тұрғын емеспін, бірақ мұнда жұмыс істеп жатқаныма 2,5 жыл болды. Өз басым осы уақыт ішінде „Хутор“ ұйымдасқан қылмыстық топ туралы естіген жоқпын. Бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің бірінші орынбасары болып 6,5 жыл қызмет еттім, ол жақтада мұндай жағдай болған емес», — деп түсіндірді ол.

Қазір қаладағы жағдай тұрақты. Адамдар өз шаруаларымен айналысып жүр. Ал кейбір жерде көшелерді күзетіп жүрген ұландықтарды көруге болады. Талғарға кіре берісте полиция көліктері мен автоматтары бар сарбаздар да жүр.

«Қазіргі таңда қаладағы қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Ешқандай митингілер, арандаушылық пиғылдар байқалмайды. Қалада Ішкі істер министрінің бірінші орынбасарының төрағалығымен штаб жұмыс істеп тұр. Жағдай бақылауда, тергеу жүріп жатыр, барлығы заңға сәйкес», — деді Айбек Бидаев.

Сондай-ақ әкім орынбасары марқұм жасөспірімнің отбасы анасының үйінде тұрып жатқанын, ал әкімдік олардың өрттен зардап шеккен баспанасын қалпына келтіруге көмектесуге дайын екенін атап өтті.

Оның айтуынша, тергеу аяқталғаннан кейін дүкен ашылуы мүмкін, бірақ соңғы шешімді иесінің өзі қабылдайды.

Марқұм Шерзат Болаттың отбасы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылында тұрады. 12 қазанға қараған түні өртеніп кеткен үйіне бет алдық.

Тұрғын үй орналасқан көше қазір арнайы лентамен қоршалған, аумаққа отбасы мен жақындарынан басқа ешкімді кіргізбейді.

Көршілері сол түні үйде ешкім болмағанын, бірақ онда Шерзаттың ата-анасы мен оның үш ағасы және әпкесі жеті адам тұрғанын айтты. Шерзат ұлдардың үлкені еді.

«Өрт түнгі сағат бірлер шамасында болды. Шудан оянып кеттім. Сыртқа шықсам, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем көлігі тұр екен. Мен осында 6 жыл бұрын көшіп келгенмін және бұл отбасын жақсы білемін. Өте мәдениетті, тәрбиелі, сабырлы жанұя. Бір-бірімізге жиі барып, көмектесіп тұратынбыз», — деп бөлісті көршісі.

Отбасының тағы бір көршісі Айнара Ұзақбаева Азат ауылындағы орта мектептің директоры болып жұмыс істейді.

Оның айтуынша, өрт 00:50–де басталған, өрт тез жайылып, өрт сөндірушілер келгенше үй толығымен дерлік жанып кеткен.

«Бұл отбасымен 2016 жылдан бері таныспыз. Біз жақсы араласамыз. Отбасы өте тату, үлгілі. Шерзат ұлдың үлкені, тәрбиелі, ақылды жігіт еді. Ол әскери адам болуды армандайтын», — дейді Айнара Ұзақбаева.

Содан кейін біз қазір отбасы тұрып жатқан үйге бет алдық. Туыстары сұрақтарға жауап беруден бас тартып, мазаларын алмауды өтінді. Алайда Шерзаттың әжесі Жұмабике Нұрымова немересі туралы қысқаша айтып, оның ақылды, алғыр, зерек бала екенін атап өтті.

Оның үйін қазір тәулік бойы полиция күзетеді. Тәртіп сақшылары өтіп бара жатқан әрбір көлікті тексереді. Қызметкерлердің бірі мұнда екі күн бойы кезекшілікте болғанын және аумақта ешбір күдікті адамдарды байқамағанын тілге тиек етті.

Аталған көшеде 15 жылдан бері тұрып жатқан көршілердің бірі өте тату отбасы екенін атап өтті.

«Ауылда тұрып жатқаныма 15 жыл болды. Мұндай жағдаймен бірінші рет кездесіп отырмын. Қалайша адам өлтіріп, үйді өртеп жіберуге болады.Жұмабикенің әулеті өте тәрбиелі, тату», — деді Татьяна.

Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз. https://kaz.inform.kz/news/almati-oblisinda-atiska-ulaskan-zhanzhaldan-br-adam-kaytis-boldi-d0df5b/

Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.

Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.

Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді.

Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаров бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттеліп жатқанын жеткізді.

12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады. https://kaz.inform.kz/news/talgarda-16-zhasar-sherzattin-uy-ortend-politsiya-otbasini-korgauga-aldi-0e7e31/

Сондай-ақ Бас прокуратура қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді.

Артынша Талғарда 16 жасар Шерзаттың үйі өртенді. Полиция отбасыны қорғауға алды.

Бас прокуратураның басшылығымен қылмысты ашу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны белгілі болды. https://kaz.inform.kz/news/talgardagi-karali-uydn-ortenu-bas-prokuratura-malmdeme-zhasadi-e03666/

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауржан Аленов марқұм Шерзат Болаттың үйін өртеу оқиғасын тергеу тобымен Талғарға барды.

Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов өрт қылмысы бойынша айғақтар алынып, тиісті сараптамалар жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін Ұлттық ұлан әскері жұмылдырылды.

Талғар Шерзат Болат жағдай

Тақырыпқа жаңалықтар