Қазақстан жаңалықтары14 ақпан 2024, 21:23

Tele2 және Altel-ді Power International Holding сатып алады

«Қазақтелеком» АҚ мен Қатар елінің Power International Holding W.L.L. компаниясы «МТ-С» сатып алу шарттарын айқындайтын қағидаттар туралы келісімге қол қойды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ-ның Коммуникациялар департаменті хабарлайды.

Қазақстанның ірі телекоммуникациялық операторы «Қазақтелеком» өзінің мобильді активтерінің бірі – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/ALTEL брендтері) Таяу Шығыстың жетекші конгломераты – қатарлық Power International Holding-ке сатуды көздеп отыр. Қағидаттар туралы үш жақты келісімге («Самұрық-Қазына» АҚ) бүгін тараптар Қазақстан Президентінің Қатар еліне ресми сапары шеңберінде қол қойылды.

«Келіссөздерді жақында ғана бастадық, әрине, бүгін Power International Holding компаниясымен алдын ала келісімге келдік. Адағы уақытта сату-сатып алудың барлық шартты мен рәсімдерін талқылап, бекіту қажет. Сондықтан нақты сан, мәміле сомасы туралы айтуға әлі ерте. Біз стратегиялық инвестор ретінде Pih сияқты беделді және тұрақты компанияның ниет білдіргеніне ризамыз, себебі ол Қазақстанда танымал компания. Елімізде холдингтің көптеген жобасы бар әрі олар айтарлықтай табысты», - деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.

Power International Holding – бұл экономиканың түрлі секторларын қамтитын Қатар конгломераты. Компанияда 65 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, әлем бойынша 1000-ға жуық түрлі жобалар іске асырылуда. Мәселен, 2022 жылдың қазан айында Қатар Әмірінің Қазақстанға ресми сапары аясында холдинг Астанада құны 300 миллион долларға жуық ірі халықаралық медициналық кешен салу туралы меморандумға қол қойған болатын.

«Біз Қазақстанда ұялы байланыс операторын сатып алу туралы келісімге қол қойғанымызға әрі инвестициялық ахуалы өте қолайлы және іскерлік орта дамыған сіздің еліңізде Pih бизнесін кеңейтіп жатқанымызға өте қуаныштымыз» - деді Power International Holding W. L. L. төрағасы Мұхаммед Мутаз Әл-Хайят.

 

Tele2 Altel Power International Holding сатып алу

Тақырыпқа жаңалықтар