TikTok-та қазақтарды балағаттап, ұлтаралық араздықты қоздырған әйел сотталды
TikTok желісінде ұлтаралық араздықты қоздырып, қазақтарды балағаттаған астаналық әйел сотталды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Наталья Свириденко TikTok әлеуметтік желісіндегі қылығынан кейін төрт жылын орташа қауіпсіздік колониясында өткізеді деп жариялады Оrda.kz.
Тікелей эфирде 60 жастағы Астана тұрғыны балаларды және бүкіл қазақ халқын балағаттап, өлтіруге шақырған.
7 тамыз күні түнгі сағат бір шамасында Свириденко Астанадағы үйінде алкогольдік ішімдік ішіп, өз аккаунтында тікелей эфирге шыққан. Мас әйел көрермендермен сөз таластырып жанжал шығарған. Ол өз сөзінде қазақты малға теңеп, Алматыдағы қаңтар трагедиясы мен Жаңаөзен оқиғасына жауап артқан.
Сарапшылардың соттағы айғақтарына сәйкес, Свириденконың тікелей эфирдегі әрекеті қазақ ұлтына қарсы азаматтық жаулықты насихаттайды.
«Н.В.Свириденконың «шимпанзе», «макака», «ұрлады», «өлтірді», «бір-біріңді өлтіріңдер», «тура Жаңаөзендегідей тонау басталғанын барынша қалаймын»,«мақұлықтар» деген сөздері ұлтаралық араздықты қоздырады және азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған.
Өзінің мәлімдемелерімен Свириденко Н.В. конституциялық құрылысты бұзуға шақырып, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық қарым-қатынасқа нұқсан келтіруі мүмкін.
"Оның мәлімдемелері мародерлікке және қоғамдық тәртіпті бұзуға, бөтеннің мүлкін заңсыз басып алуға шақырады, қоғамға қауіпті және Қазақстан халқының бірлігіне қарсы бағытталған" деп көрсетілген сот үкімінде.
Сотталушы Свириденко өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, тікелей эфир кезінде Асхат есімді бейтаныс жігіт телефон соғып, өзін де, орыстарды да балағаттай бастаған. Оған жауап ретінде Свириденко оны балағаттап, әдепсіз сөздер айта бастаған. Осыдан кейін ол алкоголь ішуін жалғастырып, не істеп, не қойғаны есінде жоқ.
Свириденко қазақтарға өшпенділік танытпайтынын баса айтты. Өкініш білдіріп, ренжіткен әрбір адамнан кешірім сұрауға дайын екенін айтты.
Свириденко есі дұрыс деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарылды.
Сонымен қатар, ол 452 мың теңге процессуалдық шығынды, сондай-ақ жәбірленушінің өтемақы қорына 69 000 теңге төлейді.
Сотталушының астаналық сот үкіміне шағымдануға мүмкіндігі бар.