Төлқұжатты терминал арқылы қалай алуға болады
Қазақстандықтар биометриялық сәйкестендіру арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтарында құжаттау терминалдарынан паспорт пен жеке куәлік ала алады. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған ҚР азаматтарына паспорт, жеке куәлік беру жөніндегі бұйрық жобасында айтылған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Күн сайын ХҚО-ға құжаттандыру үшін бүкіл қызмет алушылардың 10%-дан астамы жүгінеді.
Қызметкерлер жүктемесін азайту үшін ХҚО-ларда да, одан тыс жерлерде де құжаттандыру терминалдарын орнату жоспарлануда, олардың көмегімен азаматтар құжаттауға байланысты мемлекеттік қызметтерді алу өтінімдерін өздігінен рәсімдей алады.
«Жеке басын куәландыратын құжат алу үшін автоматтандырылған терминалдар арқылы өтінім беруде азаматтар мемлекеттік қызмет алудың бүкіл кезеңдерінен өтеді (жеке басын қашықтан сәйкестендіру, суретке түсіру, деректерді мәтін түрінде енгізу)», – деп жазылған пилоттық жобаны жүргізу туралы бұйрықта.
Автоматтандырылған терминал арқылы құжаттандыру процесі мына кезеңдерді қамтиды:
- • ЖСН енгізу;
• Мобильді азаматтар базасында тіркелген ұялы телефон нөмірін енгізу;
• Жеке басын сәйкестендіру;
• Суретке түсіру;
• Қолтаңба үлгісін қалдыру;
• QR-кодты сканерлеу арқылы мемлекеттік бажды төлеу;
• Қолхатты автоматты түрде жазу және беру.
ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжат алу себептерінің тізбесі бірнеше код арқылы көрсетіледі:
«04» коды – неке (некені бұзу) бойынша тегін өзгерту;
«07» коды – құжаттың одан әрі пайдалануға жарамсыздығы (бүліну, ескіру, техникалық ақаулар, паспорттың барлық беттерін пайдалану, жеке басты куәландыратын құжатта ЖСН болмауы және т. б.);
«09» коды – жеке куәлікті жоғалту;
«13» коды – Қазақстан Республикасы азаматының паспортын жоғалтуы;
«14» коды – қолданыстағы әкімшілік-аумақтық бөлінісіне байланысты жергілікті жерлерді қайта атау;
«16» коды – иесінің қалауы бойынша, құжаттардың түрін өзгертуге байланысты (жеке куәлікті және (немесе) паспортты түрлі-түсті фотосуретке, чипке ауыстырған кезде);
«17» коды – жеке куәлік бойынша паспортқа алғаш рет;
«18» коды – жеке куәліктің және (немесе) паспорттың қолданылу мерзімінің аяқталуы (күнтізбелік 10 күннен аспайды).
Тоғыз сағаттық үздіксіз жұмыс кезінде бір терминалдың өткізу қабілеті:
- клиенттерге қызмет көрсетудің орташа уақыты – 5 минуттан аспайды;
- күніне бір терминал 108 клиентке қызмет көрсетеді;
- айына бір терминал 2376 клиентке қызмет көрсетеді;
Құжаттау терминалы мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді, деп есептейді министрлік.