Тоқаев қаржы министрі Такиевті қабылдады

Мемлекет басшысы Қаржы министрі Мәди Такиевті қабылдады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Президентке республикалық бюджеттің орындалуы және мемлекет қаржысын цифрландыруды ілгерілету жұмыстары жөнінде баяндалды.

Министрдің айтуынша, биыл республикалық бюджетке 21,6 триллион теңге көлемінде кіріс түскен. Оның 15,2 триллион теңгесін салық түсімдері құрайды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 23,4 пайыз жоғары. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бюджет 101,6 пайыз орындалып, оның әлеуметтік бағыты сақталып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру шаралары, Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері туралы мәлімет берілді.

"Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңын іске асыруға баса назар аударылды. Жаңа құжат рәсімдердің мерзімін қысқартуды, олардың ашықтығын қамтамасыз етуді және отандық тауар өндірушілерді қолдауды көздейді. Қазіргі уақытта қазынашылықтың ақпараттық жүйесіндегі талдау және бақылау үдерістері толық автоматтандырылды.

Мемлекет қаржысын цифрландыру аясында Big Data қалыптастыруға және толықтыруға, сондай-ақ салық пен кеден салаларына жасанды интеллектіні енгізуге ерекше мән беріледі.

Президентке мемлекеттік аудиттің нәтижелері таныстырылды. Биылғы 8 айда 791 тексеру жүргізіліп, сомасы 337,5 миллиард теңге болатын қаржының заңсыз жұмсалғаны анықталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қаржының орнықтылығын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру мен барлық әлеуметтік міндеттемені орындау керек екеніне тоқталды. Сондай-ақ цифрландыруды одан әрі дамыту және заманауи бақылау тетіктерін енгізудің маңызын атап өтті.

Тоқаев қаржы министрі Такиев Ақорда

Тақырыпқа жаңалықтар