Қазақстан жаңалықтары27 қараша 2023, 19:53

Тұрмыстық құқықбұзушылық: Алматыда бес мыңға жуық адам есепке алынды

Алматы полициясының қызметкерлері бір апта ішінде «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы аясында 13 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесті, оның 132-сі отбасылық жанжалға қатысты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы қалалық қауіпсіздік мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында Салтанат Әзірбек айтты.

«Талдау көрсеткендей, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдардан, жұбайының жұмыссыздығынан, ішімдік ішуден, мүлікті бөлісуден, туыстарының отбасылық өмірге араласуынан, қызғаныштан туындайды. 9 қылмыс ерлі-зайыптылар арасында, 7 қылмыс бірге тұратындар арасында, 6 қылмыс жақын туыстар арасында болған», - деді ол.

Салтанат Әзірбек тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көптеген құрбаны өмірлеріне қауіп төнген кезде полицияға жүгініп, кейін арыз жазудан бас тартатынын жеткізді. «Полиция қызметкерлері кеткеннен кейін отбасындағы кикілжіңдер мен ұрыс-керіс жалғасып, кейде ауыр зардаптарға әкеп соғады. Мәселен, 4891 адам профилактикалық есепке алынды.

«Биылдан бастап тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу енді арыздану арқылы емес, анықтау бойынша, демек тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегіне сәйкес тіркеледі. Яғни, хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камераларының жазбалары жеткілікті, соңғы шешімді сот шығарады. Сондай- ақ тараптардың қайта татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Бұрын әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар арыз бойынша біз әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасадық. Бірақ оның жартысы татуласуына немесе жәбірленушінің ойының өзгеруіне байланысты сот тәртібімен тоқтатылатын. Бұл агрессордың немесе туыстарының көндіру және қысым көрсету нәтижесінде болды», - деді ол.

Полиция өкілі тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілгенін мәлімдеді.

«Әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері айқындалды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қолданыстағы заңнама 5, 10 немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуды қарастырады. Іс жүзінде соттар шешім қабылдаған кезде қамауға алуды 1 тәуліктен 5 тәулікке дейін шектейді», - деп түсіндірді Салтанат Әзірбек.

Алматы Статистика тұрмыстық зорлық-зомбылық

Тақырыпқа жаңалықтар