Ұлттық ғылым академиясы жоғары ғылыми ұйым ретінде қайта форматталады
Мәжілістің жалпы отырысында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы мен іліспе құжат жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Заң жобасында ғылымды басқару моделін жетілдіруге, Ғылым қорының қызметін регламенттеуге, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған құқықтық нормалар қамтылған.
«Заң жобасы Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 51-тармағын және Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 69-тармағын орындау үшін әзірленген. Заң жобасы аясында «Ғылым туралы» және «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» ҚР Заңдарының қолданыстағы нормалары қамтылған және тиісті новеллалар қарастырылған. Біріншіден, ғылымды басқару жүйесінің құрылымын жетілдіру ескерілген. Екіншіден, тиісті қолдау бағдарламаларымен (гранттық және нысаналы қаржыландыру) оларды қаржыландырудың негізділігі үшін ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің дайындығы дәрежесін айқындау тетіктерін енгізу ескерілген», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Үшіншіден, ғылыми-техникалық нәтижелерін коммерцияландыру, бизнес-акселерация, технологиялық бизнес-инкубациялау, технологиялық брокерлік бағдарламаларды іске асыруға жәрдемдесу жөніндегі Ғылым қорының функционалын күшейту, сондай-ақ венчурлік қаржыландыру тетіктері мен инфрақұрылымын қалыптастыру қарастырылған.
«Осы заң қабылданса, Ғылым қоры венчурлік қор ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар, құжат аясында басқа да венчурлық инвесторларды, инвестициялық қорларды серіктестік негізінде ғылымды қаржыландыруға, ғылыми ұжымдармен жұмыс істеуге қатысты тиісті тетіктер пысықталады», - деді министр.
Оның айтуынша, заң жобасында Ұлттық ғылым академиясының мәртебесіне қатысты нормалар ескерілген. Құжат аясында жоғары ғылыми ұйым деген арнайы мәртебе берілмек.
Таратылған мәліметке қарағанда, заңнамалық деңгейде ғылыми жетістіктерді, ғылыми инновациялар мен жаңа технологиялар нарығын қадағалау, олардың өнеркәсіп салалары, өнеркәсіп субъектілері және ғылыми ұйымдардың технологиялық әзірлігі деңгейі бөлінісінде сыни технологияларға бейімделу және олармен арақатынас әлеуетін бағалау мақсатында жүзеге асырылатын ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу әрі талдау жөніндегі тетікті қарастыру ұсынылды. Аталған норманы іске асыру үшін осы қызметті жүзеге асыратын ғылыми-техникалық ақпарат орталығын құру жоспарланған.
Сонымен қатар, құжатта ғылыми қызметкерлерді, оның ішінде жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау пакетін кеңейту қамтылған.
Ғалымдарды ынталандыру мақсатында қазақстандық ғалымдарға тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсартуға құқық беру бөлігінде, қазақстандық ғалымдардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қамтамасыз ететін субъектілерге салық жеңілдігін беру бөлігінде бірқатар түзетулер көзделген.