Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен келісті, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Заң жобасы 2023 жылғы 23 мамырда Парламент Мәжілісіне енгізілді. Құжаттың негізгі мақсаты - кәмелетке толған кезде жиналған қаражат есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға мүмкіндік жасау мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының өскелең ұрпағын қолдау. 2023 жылғы 20 қыркүйекте Мәжіліс қабылдаған заң Парламент Сенатының қарауына жіберілді. Сенат 13 қазанда заңды қайтарды және құжатқа 10 түзету енгізілді. Оның ішінде 5 түзету редакциялық-нақтылау сипатында, ал қалған бесеуі заңның жекелеген нормаларын заңнамалық актілерге сәйкес келтіруді көздейді. Атап айтқанда, мақсатты жинақтауда Бірыңғай зейнетақы қорындағы шоттарға аудара отырып, екінші деңгейлі банктерде, ұлттық пошта операторында ашылған банк шотынан аударуды реттейтін нормалардағы долларды теңгеге айырбастау «аударым күніне» емес, «аударым сәтіне» деп өзгертілді. Сонымен қатар, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық Заңның қолданылуы тоқтатылуына байланысты терминологиялық біріздендіру үшін «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңына түзету енгізілді. Сенат енгізген түзетулер заңның тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Мәжіліс комитеті Сенатының өзгерістерімен және толықтыруымен келісуді ұсынады», - деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.
Жалпы отырыс барысында палата депутаттары Сенат енгізген түзетулермен келісті.
Балаларға Ұлттық қордың табысынан аударылатын нысаналы жинақтар салықтан босатылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздеген заң жобасын 1-оқылымда таныстырған депутат Мәди Тәкиев айтты.