«Үміт ақталмады». Спорт және туризм министрі федерация басшыларын сынады
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары29 тамыз 2024, 11:00

«Үміт ақталмады». Спорт және туризм министрі федерация басшыларын сынады

Артылған үміт ақталмады. Париж олимпиадасына арналған қорытынды алқа отырысында спорт және туризм министрі үдеден шықпаған федерация басшыларын сынады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

— Жұмысты күшейтуге кейбір федерациялар ат салысты. Федерация басшылары ақша бөліп, демеуші тартты. Өкінішке қарай осы тәжірибені барлық президент жасап отырған жоқ. Бірқатар федерация көп жағдайда бюджеттен берілетін ақшаға тәуелді.

Қазақтың оң жамбасына келетін спорт түрі бокс десек, бұл жолы одан да нәтиже көңіл көншітпеді.

Олимпиадаға аттанардан бұрын кемі бір алтын, бір күміс, бұған қосымша қоламен де қанжығамызды майлаймыз деп кеткен федерация алға қойған міндеттің бірін орындай алмаған.

Үміт артқан келесі еркін күрес спортшылары да финал түгілі, бірінші айналымның өзінде қалыс қалып жатты.

Париж олимпиадасында бірден 8 лицензия иеленген жеңіл атлетика құрамасы легионерге шашқан ақшасы шаш етектен болғанымен, бір де бір медаль иеленбеген.

Ал федерация президенті министрге кемі бір күміспен ораламыз деп уәде еткен.

Алайда Ермек Маржықпаев бәрі құрғақ уәде ретінде қалды деп ренішін жасырмады.

Енді алдағы жарты жылдықта лайықты нәтиже көрсетпеген бас бапкерлерден бастап, олардың орынбасарларының қалу-қалмауы майшаммен қаралады.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

— Әуел бастан «Нора, Нора» деп қоймадыңыздар. Бар үмітіміз Норада деп. Ал не болды?! Бәріміз көрдік, бесінші болып әрең мәре сызығына жүгіріп келгенін. Бокстан кейін барлық жағдай осы жеңіл атлетикаға жасалды деп нық сеніммен айта аламын. Алматы облысында арнайы орталық салдық, сіздер де осы Олимпиадада бәрін қатырамыз деп уәдені үйіп-төктіңіздер.

Ермек Маржықпаев Сын Олимпиада федерация басшылары

Тақырыпқа жаңалықтар