Қазақстан жаңалықтары27 желтоқсан 2023, 13:04

Жайылымдардың айналасына ор қазғандар жауапкершілікке тартылады

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Жайылымдық жерлер Қазақстанның 184 млн гектар аумағын алып жатыр. Ол барлық ауыл шаруашылық жерлерінің 84 пайызын құрайды. Жайылымдар аумағы бойынша біздің еліміз әлемде бесінші орында, бұл республикамыздың мал шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушісі және экспортері болуына үлкен мүмкіндіктер береді. Парламент депутаттарының бастамашылығымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы дайындалған және ол Жер, Орман кодекстері мен «Жайылымдар туралы» Заңға өзгерістер енгізеді. Жұмыс барысында 200-ден аса ұсыныстар түсті, 67-сі қабылданды», - деді заң жобасын баяндаған Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.

Оның атап өтуінше, заңға жайылымға қажетті ауыл шаруашылығы жануарларының санын жүктеме нормасының 20 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту арқылы жер пайдаланбау фактілерінің критерийін қатайту қағидаты енгізілді. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінің есептеуі бойынша жайылымдық жерлердің 20 млн гектарға жуығы қайтарылуға тиіс.

Жайылымдарды конкурсыз беру нормасы алынып тасталды. Жер кодексінің 36-бабы мал жаю үшін 5 жылға дейінгі мерзімге жерлерді тікелей беруге рұқсат етеді. Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметтері бойынша 2 миллион гектардан астам жайылым жеке және заңды тұлғаларға конкурссыз берілген. Елді мекеннің айналасындағы ауыл тұрғындарының малын жаюға арналған жерлердің мәртебесін нығайту үшін көпшілік пайдаланатын жайылымдар деген жеке ұғым енгізілді.

«Жайылымдарды суландыру және жайылымдарды түбегейлі және олардың беткі қабатын жақсарту бойынша шығындарды субсидиялау арқылы фермелерге мемлекеттік қолдау нормалары көзделген. Сонымен қатар, көпшілік пайдаланатын жайылымдарды қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру жергілікті бюджеттерден және басқа да көздерден қарастырылып отыр. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуды ынталандыру үшін жер конкурстарға кооперативтерге қосымша ұпайлар беру түріндегі артықшылық беру ұсынылады. Жерді пайдаланушылар жайылымдардың айналасын қазу және ор қазу жұмыстарын жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылады. Енгізіліп отырған өзгерістер тұрғындардың қажеттілігіне қарай жайылымдардың жетіспеушілік мәселелерін шешуге ықпал етеді, пайдаланылмай жатқан телімдерді қайтару бойынша жұмысты күшейтеді. Сондай-ақ, жерді беру және пайдалану тәртібі бойынша жергілікті тұрғындарды шешім қабылдау үдерісіне тартуға мүмкіндік береді. Осы саладағы сыбайлас жемқорлықты азайтады», - деді Мәжіліс депутаты.

жайылым ор қазу Жауапкершілік

Тақырыпқа жаңалықтар