Жаңа ипотека кімге беріледі?
Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үйлі болуына жол ашады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Отбасы банк» 300 млрд теңге сомасында ипотекалық қарыз беретін жаңа бағдарламаны іске қоспақ. Аталған бағдарламаның операторы дәл осы сомаға мөлшерлемесі жылына 7 және 9%-дан аспайтын несие береді. Бұл – бір жылда 12 мың отбасының баспаналы болуына үлкен мүмкіндік. Ескеретін жайт, көрсетілген 7% – азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін. Ол топқа көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар кіреді. Қалғандары үшін ипотека 9%-бен ұсынылады. Әзірге болжам осындай.
Айта кетейік, жаңа ипотека 1 мамырда іске қосылады деп жоспарланған. Біз «Отбасы банк» баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, ипотекалық бағдарламаны жетілдіру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеп, толыққанды шарттар мен ережелерді алдағы уақытта жария ететіндерін жеткізді.
«Бағдарламаның ерекшелігі сол, мұнда мемлекет елдегі осал топтарға үлкен мүмкіндік қарастырып отыр. Несие де алдымен осы санаттағы тұрғындарға беріледі. Бастама өте жақсы. Толық шарты мен ішкі тетіктері алдағы уақытта жарияланады. Егер жаңа ипотекалық бағдарлама іске асса, үлкен қалаларды ғана емес, өңірлерді дамытуға да ықпалы көп болары анық. Менің ойымша, ауылдық жерлерден үй алатын азаматтардан бастапқы жарна талап етудің қажеті жоқ. Бірден сол төменгі пайызбен сатып алуға мүмкіндік берілсе деймін. Ал облыс орталығы емес қалалар мен аудандарда жинақ сомасы 10 пайыз ғана деген талап қойып, кезектілікке қарамай баспана алуға болатындай етсе деген ұсынысым бар. Екіншіден, наурыздан бастап «Отау» бағдарламасы іске қосылғанын білесіздер. Қазір оған өтінім қабылданып жатыр. Мені қуантқаны – бұған бөлінген 150 млрд теңгенің 60 пайызы жастарға бағытталатыны. Қалғаны басқа санаттағы азаматтарға арналған», дейді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.
Ел тұрғыны Төребек Төремұратов та, бағдарламаның іске қосылуы тиімді болар еді дейді.
«Әсіресе көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға бұл – үлкен қолдау. Маған ұнағаны – тек үлкен қалаларда емес, аудан орталығы мен ауылдық округте жұмыс істейтін жас отбасылардың да осы ипотекалық бағдарламаға қатыса алады деген тармақтың енгізілуі. Егер өзгеріс болып кетпесе, көпшіліктің игілігіне айналары сөзсіз. Қазір кейбір қыз-жігіттер өз ауылдарынан аудан орталығына күнделікті қатынап жұмыс істейді. Ал аталған бағдарлама арқылы баспанаға қол жеткізсе, өз үйі болып, көп қиындық артта қалар еді», дейді ел тұрғыны.
Жаңа бағдарламаға шарт бойынша жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемін алып отырғандар және «Отбасы банк» салымшылары қатыса алады. Бұл тізімде үлкен қалалар мен облыс орталықтарынан бөлек, моноқала, аудан орталықтары, сонымен қатар, ауыл тұрғындары да болатыны да айтылып жүр. Демек, жаңа ипотека тек моноқалаларға ғана емес, Қазақстанның барлық елді мекеніне де қатысты.
Азаматтардың баспаналы болуын қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаты үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды да жоспарлап отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов биыл 1 сәуірге дейін осы және өзге де жобаларды қаржыландыру кестесін уақтылы ұсынуды тапсырды. Кесте бойынша жобалардың әрі қарай іске асырылуы күнделікті бақылауда болмақ.
«Біз Президенттің ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларының уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Әрбір министрге және әкімге, ұлттық компаниялардың басшылығына жұмысты күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Тұрғындар нақты өзгерістерді көруі қажет. Толық қайтарыммен жұмыс істеу және жоғары нәтиже тиімділіктің көрсеткіші болмақ», дейді Үкімет басшысы.
Биылғы көлем – 18 млн шаршы метр
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, мемлекет жыл аяғына қарай ел бойынша 18 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.
Үкімет бел шеше кіріскен баспана мәселесі әлі де қоғам талқысында. Енді аз уақытта «Отбасы банкі» жаңа ипотекалық бағдарламаның негізі шарттарын толық жариялауға тиіс.
Тұратын жеке үйі болғаны – кім-кімге де арман. Сол үшін жылдап қаржы жиятын халыққа тиімді бағдарлама керек-ақ. Тек бұл жаңа бағдарламадағы басымдықтар қарапайым халық мүддесіне сәйкес келсе болғаны.