Қазақстан жаңалықтары12 маусым 2024, 11:00

Жаңа заң 51 мың отбасыға арендалық баспананы «қалдық құнымен» сатып алуға мүмкіндік береді

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы екінші оқылымда қаралады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Осы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, депутат Ұлықбек Тумашиновпен сұхбаттасқан едік, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Баспана кезегіндегі 650 мың адамның дерегін қайта тексеру керек»

- Ұлықбек мырза, екінші оқылымға түскен заң жобасында «Баспанамен қамтамасыз ету» орталығы дейтін электрондық базаның қазір әкімдіктер жүргізіп отырған баспана кезегінен қандай айырмашылығы болады? Заң қабылданса, кезектің тамыр-таныстық арқылы жылжымайтынына, баспана алғандардың аты-жөнін ашық жарияланатынына қандай кепілдіктер бар? Баспана кезегінің ашықтығын нақты қандай норма, тетік арқылы қамтамасыз етуді ұсынып отырсыздар?

- Қазір 650 мың адам баспана кезегінде тұр дейтін ресми ақпарат бар. «Баспанамен қамту орталығы» құрылғаннан кейін осы 650 мың адамның бәрін қайтадан тексеріп, қарайды. Оның ішінде шетелге кетіп қалғандар, үй алғандар бар. Кезекті қайта қарау заң бұзушылықтарды болдырмау үшін қажет. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ базасында «Отбасы банкі» ұлттық даму институты құрылады. Өзіңіз айтқан баспана кезегі жергілікті әкімдіктерден «Отбасы банкке» берілгеннен кейін жаңағы орталықтың филиалдары ашылады. Әр адам кезегін «Отбасы банк» платформалары арқылы онлайн көріп отырады, яғни заң бұзушылық болмайды. Оның бәрі ашық жарияланады, бәрі көріп отырады.

- Мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындау кезінде қаза тапқандардың отбасына бір жылдан кешіктірмей баспана беру туралы норма ұсынылып отыр екен. Бұл санатқа қандай мамандық иелері жатады және марқұмның атына тірі кезінде баспана рәсімделмеген болуы шарт па? Мысалы, мұғалім оқушысын қауіпті жағдайдан құтқару үшін қайтыс болса немесе волонтер табиғи апатпен күрес кезінде көз жұмса, оның отбасына да үй беріле ме? Әлде бұл күштік құрылымдардың өкілдеріне ғана қатысты норма ма?

- Бұл норма негізінен әскерилерге, органда жұмыс істейтіндерге қатысты. Отан қорғау кезінде қайтыс болғандардың отбасына көмектің осындай түрі баяғыдан бар. Осы заңға да еніп отыр. Мемлекеттен үй алатын 11 санаттың ішінде бұлар да бар. Бұл өте дұрыс деп ойлаймыз. Өйткені, Отан қорғау жолында қайтыс болған адамның отбасында пәтер жоқ болса, бір жылдың ішінде берілу керек.

- Сатып алу құқығынсыз берілген арендалық баспаналарды жекешелендіру құқығын беруді ұсынып отырсыздар. Бұл жердегі жекешелендіру деген сөзді тарқатып түсіндіріңізші. Баспана арендаға алған адамның атына қайтарымсыз негізде аударыла ма, әлде белгілі бір сомаға сатып ала ма? Сатып алатын болса, оның нарықтан үй сатып алудан қандай айырмашылықтары болады? Арендалық баспананың сатып алу құнын кім және қалай есептейді? Арендаға алушы үйдің «Отбасы банк» ұсынған құнына келіспесе не болады?

- Бүгінде 51 мың отбасы арендалық үйде тұрып жатыр. Солардың бәрінен бізге түрлі хаттар келеді. Сол хаттардағы өтініштерді ескеріп, арендалық үйлерді жекешелендіру құқығын беру керек деп отырмыз. Бірақ, жекешелендіру деген тегін емес екенін ашық айту керек. Қалдық құнын төлеп сатып алады. Бұл жерде жылдық амортизациясын 2 пайыз деп белгілейміз. Мысалы, 8 млн теңгеге сатып алған үй болса, бес жылдан кейін қалдық құны 7 млн 200 мың теңге болады, яғни нарықтағы бағамен берілмейді. Осыдан 5 жыл бұрын 8 млн теңге болып тұрған пәтердің бағасы қазір нарықта 16-17 млн теңге тұрады. Халықты ойлап, осындай жол ұсынып отырмыз. Бұл ерікті негізде болатынын айта кету керек. Арендадан жекешелендіргісі келмесе немесе қалдық құнын сатып алуға ақшасы болмаса, арендалық негізде де тұра беруіне болады. Тіпті оның баласына да қалады. Ертең оны ешкім шығарып тастамайды.

- Заңның қазіргі жобасында апаттық жағдайдағы үйдің орнына берілген баспананы да жекешелендіруге рұқсат берілмек делініпті. Қазақстанда апаттық деп танылған баспананың нақты саны қандай?

- Біздің деректеріміз бойынша, Қазақстанда 3 700 баспана апаттық жағдайда деп танылған. Олардың бәріне үй беріледі және жекешелендіру құқығы бар. Бұл жұмыс негізінен қайта жаңғырту бағдарламасының аясында жергілікті әкімдіктер арқылы жүреді, яғни цифрлар өзгеріп отырады.

- Мемлекеттің тұрғын үй қорынан ұйымдардың қызметкерлеріне берілген қызметтік баспананы жекешелендіру құқығын беру туралы норма енгізбекші екенсіздер. «Мемлекеттік қызметте 10 жылдан кем емес мерзімде жұмыс істеген азаматтарға қызметтік баспананы жекешелендіру құқығы беріледі» деп жазылған. Бұл мемлекеттік қызметте 10 жылдан астам жұмыс істегендердің бәріне қызметтік баспана беріледі деген сөз емес қой? Осы жердің басын ашып айтсаңыз...

- Бұл 10 жылдан астам еңбек еткендердің бәріне қызметтік баспана беріледі деген сөз емес. Қызметтік баспана алса, 10 жылдан кейін жекешелендіру құқығы болады. Мұнда да «қалдық құны» принципі қолданылады.

Ардагерлерге үй беру неге әлі аяқталмай жатыр?

- Мемлекеттік тұрғын үй қорынан ақысыз үй алуға хақылы азаматтардың санатына асыраушысынан айырылған, қамқорлығында кәмелетке толмаған баласы мен 23-тен аспаған іштей оқитын студент баласы бар «жесірлер» дейтін жеке топ енгізуді ұсыныпсыздар. Оған қандай қажеттілік түрткі болды? Мұндай санатқа жататын неше «жесір» баспанасыз жүр? Нақты статистика бар ма?

- Қазақ ежелден жесірі мен жетімін жылатпаған ел. Ері немесе әйелі қайтыс болып, 2-3 баласын жалғыз асырап отырған азаматтарды неге көпбалалы отбасыларды қолдағандай қолдамасқа? Сондықтан оларды жеке санат етіп енгіздік. Ондай отбасылардың саны көп, аз деп айта алмаймын. Әсіресе, әйел адамдар көп.

- Мемлекеттің тұрғын үй қорынан кезектен тыс, ақысыз негізде баспана алуға жататын санаттың ішінде ҰОС ардагерлерін қалдыруды ұсыныпсыздар. Қазір соғыстың неше баспанасыз ардагері қалыпты? Түскен өтініштердің саны көзі тірі ардагерлердің санымен сәйкес келетініне көз жеткіздіңіздер ме? Жалпы ҰОС ардагерінің мемлекеттің тұрғын үй қорынан неше рет баспана алуға хақысы бар? Әлеуметтік желіде ардагер әкесін, атасын жетектеп бірнеше әкімдіктен кезектен тыс бірнеше үй алғандардың бар екені туралы наразылықтар кездесіп жатады. Бұл заң жобасында осындай күмәнді схемаларға қандай тосқауыл қоймақшысыздар?

- Бұл мәселені біз қызу талқыладық. Ондай адамдар көп қалған да жоқ, бірен-саран ғана. Бірақ бұл жерде сол санатқа кірген Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатын жоюға қатысқандар да бар. Сондықтан ҰОС ардагерлері санатын қалдырып отырмыз. Дұрыс айтасыз, әлеуметтік желіден біз де оқып отырмыз. Әкесінің арқасында ауданнан бір үй, қаладан бір үй алады дегендей. Бұрын ондай жағдай болған. «Отбасы банкке» қарасты электронды кезек ашамыз деп отырғанымыз сол ғой. Бір рет үй алған адамға қайтадан берілмейді.

- Мемлекеттен кезектен тыс баспана алуға хақылы азаматтардың қатарына мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасылар мен І, ІІ топ мүгедектерін қосуды ұсыныпсыздар. Олардың бәріне баспана тұрғылықты мекенжайы бойынша ғана беріле ме? Денсаулық күтіміне байланысты Астанаға немесе Алматыға көшу керек болса, ондай мәселені шешу заңда қарастырылған ба? Мысалы, аудан орталығында берілген үйді сатса, оның ақшасы Астана мен Алматыдан үй алуға жетпейді ғой. Заңда мұндай нюанстар қалай реттеледі?

- Мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтарға көмек ретінде пәтер бір-ақ рет беріледі. Мүгедектігі бар балаларға келсек, ол жерде де аурухана бар. Облыс орталықтарында жақсы ауруханалар ашылып жатыр. Ал Астанада ғана берілетін ем алу керек болса, тегін емдеуге арнайы квоталар беріледі. Оның бәрі Астана мен Алматыға келсін деген енді... Оның бәріне пәтер қайдан табылады? Сондықтан бұл мәселе заң аясында осылай қарастырылып отыр.

- Құжатта мемлекеттің қолдауы аясында берілетін үйлердің кем дегенде 70 пайызы 11 санаттың өкілдеріне берілу керектігі айтылған. Бұл санатқа кімдер жатады? Қазір оларға мемлекеттік қолдау аясындағы үйдің неше пайызы беріліп отыр? Жалпы мұндай норма не үшін енгізілмекші? Бұл мемлекеттік қолдау аясында берілетін үйлердің шаршы метрі қысқарады деген сөз бе, әлде мемлекеттік қолдау аясында үй алатын өзге санаттардың қатары қысқарады деген сөз бе?

- Ол санаттарға соғыс ардагерлері, І, ІІ топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, қызметте жүріп қайтыс болған әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасылары, ядролық сынақтардан зардап шеккендер, жетімдер, жесірлер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, көпбалалы отбасылар, мүгедек баланы асырап отырған және тағы басқалар кіреді. Әрине, әлеуметтік осал топтарға мемлекет қолдауы арқылы салынатын пәтерлердің 70 пайызы беріледі. Қалған 30 пайызы басқа санаттарға беріледі.

- Заң тұрғын үй саясатына тікелей қатысты болғанына қарамастан көбіне әлсіз топтарды қолдау бағытында ғана өзгерістер көрініс тауыпты. Ел ішінде табысы бәсекелі нарықтан үй алуға жетпейтін, соған қарамастан әлеуметтік әлсіз топқа жатпайтын «орта тап» өкілдері бар. Соларды қолдау бағытында ешбір жаңашылдықтың болмағаны қалай? Пәтер жалдап жүргендердің басым бөлігі сондай азаматтар екенін өзіңіз де білетін шығарсыз. Депутаттар тұрғын үй саясатына осы бағытта өзгеріс енгізуді жоспарламай ма?

- Бұл мәселені білеміз. Шынымен де пәтер жалдап тұрып жатқандардың көбі табысы аз немесе орташа табысты адамдар. Бәріне пәтер беру мүмкін емес. 650 мың адам кезекте тұрғанын айттық. Сондықтан әр адам өз күнін өзі көреді. Қазір моноқалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда тұрғын үйлер салынып жатыр. Ол жердегі баспана бағасы Астана мен Алматыдағы, облыс орталықтарындағы бағаға қарағанда қолжетімді болатыны түсінікті. Уақыт өте келе Астана мен Алматыға ағылған көш те саябырсиды деп ойлаймын. Тұрғын үй саясатының жаңа бағыты мұндай жағымды тенденцияларды ынталандыруға да бағытталған.

жаңа заң арендалық баспана қалдық құн Ұлықбек Тумашинов

Тақырыпқа жаңалықтар