Жеке клиникаларға талаптар күшейтіледі
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният еліміздегі емханалардағы ұзын-сонар кезекке қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Біріншіден, цифрландыру дамып келеді. Әрине, біз мұны бір жылда іске асыра алмаймыз. Бұл бағытта ауқымды жұмыс бар. Қазақстандағы медицина саласында цифрландыру жақсы дамып отыр. Қазір тұрғындарды тіркеуге арналған қосымша жасақталған, сондай-ақ адамдар алдын ала жазылып, анализдерін алып, дәрігерге хабарласа алады. Екіншісі – инфрақұрылым. Мәселен, кейінгі 30-40 жыл ішінде негізінен мегаполистерде кезек пайда болды, яғни ірі қалалық емханалар сұранысқа сәйкес салынбады. Өзінің мүмкіндігіне қарай Астанадағы бір емхана 60 мың адамға қызмет көрсетуі керек. Ал шын мәнінде 80-90 мыңды қамтып отыр», - деді А.Ғиният Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, емханалардың аздығы ұзын-сонар кезекке алып келеді.
«Бұл өз кезегінде дәрігерге және халықтың санына есептелмеген инфрақұрылымға қосымша жүктеме. Сондықтан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жеке клиникаларға мемлекеттік тапсырыс беру туралы шешім қабылданды. Келісімшарт міндеттемелерін нақты орындайтын жеке клиникалар бар, сондай-ақ қызметтерінің 80 пайызын аутсорсингке беретін емханалар да кездеседі. Осының салдарынан кейбір тұрғындар дәрігерге қаралу үшін қаланың түкпір-түкпіріне баруға мәжбүр. Бұған жол бермеу тұрғысында талаптарды күшейтпекпіз. Медициналық көмектің сапасын талап етеміз», - деді министр.