Желге ұшқан 120 млн теңге: Ақтөбенің Шалқар қаласында бес қабатты үйлер қаңырап тұр
Фото: e-auction.gosreestr.kz
e-auction.gosreestr.kz
Қазақстан жаңалықтары6 қараша 2024, 9:12

Желге ұшқан 120 млн теңге: Ақтөбенің Шалқар қаласында бес қабатты үйлер қаңырап тұр

Шалқар қаласында бес қабатты 3 үй 20 жылдан астам уақыттан бері бос тұр. 12 жыл бұрын миллиондар бөліп, жөндеу басталғанымен мамандар бірнеше рет апатты деп қорытынды шығарды. Жергілікті әкімдік оған сенбей, тағы да сараптамадан өткізбек, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады. 

Шалқар қаласында 90-ы жылдардың соңынан бері қаңырап бос қалған 5 қабатты тұрғын үйлер мәселесі шешілмей тұр. Жергілікті билік бұл үйлерді жөндемек болғанымен мамандар сараптамадан соң апатты деп танып отыр.

«Шалқар қаласында 5 қабатты үш үй бос тұр. Оған қаражат бөліп, үш рет сараптамадан өткіздім. Үшеуі де апатты деп танылған. Негізі апатты деп танылмай тұрғанда, яғни, 2012 жылы ақша бөлініп, шатыры жабылды. Газ, су құбыры жеткізілді. Электр тогы да бар. Оған 120 млн теңге жұмсалды. Содан бір жылдан кейін тоқтап қалды», — деді Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидехан.

Әкімдік енді тағы бір рет сараптама жүргізуді жоспарлап отыр. Егер мамандар рұқсат берсе, жобалық-сметалық құжат дайындамақ.

«Бір рет үш үйге сараптама үшін 3 млн теңге жұмсадым. Ол 2021 жыл еді. Қорытындысында апатты деп шығарып берді. Қайтадан басқа сараптама іздеп жатырмыз. Ол үй құлап жатқан жоқ. Тек 1998 жылдан бері бос тұр. Жасалмаса аукционға саламыз. Бұзып, материалын пайдаланады. Жерін тегістеп береді. Мен оны салғым келіп отыр. Өйткені 657 адам үй кезегінде тұр. Қазір 434 млн теңге екі пәтерлі 17 үй, жергілікті бюджеттен 300 млн теңгеге үш екі қабатты үй салынып жатыр», — деді Жанболат Жидехан.

 

120 млн теңге бес қабатты үйлер Шалқар

Тақырыпқа жаңалықтар