Жеткіншектерді желі қатерінен қалай қорғаймыз?
ФОТО: Egemen.kz
Egemen.kz
Қазақстан жаңалықтары3 қазан 2024, 14:00

Жеткіншектерді желі қатерінен қалай қорғаймыз?

Сарапшылар әлеуметтік желіге ерте бастан тіркеліп, цифрлық технологияларды шамадан тыс тұтыну жасөспірімдердің психикасын бұзып, шынайы әлемнен алшақтататын қауіпті үрдіс деп есептейді. Тілі енді шыққанына қарамай, технология тілін меңгерген өрімдей өрендер қолына гаджет тисе, желіге байланған құлындай бір орында сағаттап отыруға бар. Жас бала да құмыра секілді. Ішіне не құйсаң сонымен толады. Олардың қолына сиқырлы смартфон ұстатып, ғаламтор әлемінің есігін айқара ашып бергеннен кейін әр қимылын қалтқысыз қадағалау­ды да қаперден шығармағанымыз абзал. Бұл мәселе талайдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын дабыл қақтырып отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

«Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» (HBSC) зерттеуінің дерек­терін келтірсек, 2022 жылы Еуропа, Орталық Азия және Кана­да­ның 44 елінде 11, 13 және 15 жастағы 280 мың жасөспірім арнайы сауалнамаға қатысқан.

Аталған аймақтарда әлеумет­тік желілерді проблемалық қолдану үдерісі 2018 жылғы 7%-дан 2022 жылы 11%-ға дейін артқан. Цифрлық технологиялар жастар­дың психикалық денсаулығына айтар­лықтай нұқ­сан келтіріп жатқанына алаңдаған ғалымдар ата-аналарға үндеу жасап, жеткіншектерді желі тәуелділігінен арашалап қалуға шақырған.

Бұл үрдіс жалғаса берсе, жасөс­пі­рімдер денсаулығына болашақта өте қиын зардап әкелуі мүмкін.

Әлеу­меттік желілерді шектен тыс қол­дану күн тәртібінің сақтал­мауы, ұйқы­ның қанбауы, ашу­шаң­дық, оқу үлгері­мінің төмендеуі, табиғи эмоциялардан ажырап қалу, мінез-құлықтың өзгеруі сияқ­ты проблема тудырып отыр.

Жасөс­пірімдердің өмірдегі шынайы қызығушылықтардан қол үзіп, жауап­кершілік, жана­шырлық, кітап оқу, ортаға бейім­делу, болған оқиғаларды өз қа­лыбында қабылдау сезім­дерінен алыстауы – желіге тәуелділіктің тағы бір сипаты.

«Әлеуметтік желілер жасөс­пірімдердің денсаулығы мен саламаттылығына оң да, теріс те әсер ете алады. Осы себепті цифр­лық сауаттылықты оқыту маңызды. Алдыңғы қатарлы елдерде жастардың әлеуметтік желілерді қолдануы қарқынды әрі технологиялардың даму деңгейі де өте жоғары. Біз мұн­дай алшақтықтың салдарына куә болып, бұл үдеріс ары қа­рай да үлкейе береді деп санаймыз. Мұны болдырмау үшін ел үкі­меттері, денсаулық сақтау орган­дары, мұғалімдер мен ата-ана­лар орын алған жағдайдың алғы­шарттарын терең ұғынуы және бұларды жою үшін лайықты іс-әрекеттер жасауы керек», деп пікір білдірген ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге.

Жасөспірімдер арасын­да аталған тақырыпқа қатысты зерттеу шараларын отандық мамандар да қолға алған. Мә­селен, Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орта­лығы жүр­гізген зерттеу­де 10 жасөспірімнің біреуі (12%) өзінің желіні қол­да­нуын бақылауға тырысатынын айтқан. Олардың дені кері салдарлардың әсеріне ұшы­рай отырып, әлеуметтік желі­лердегі проблемалық мінез-құ­лық белгілерін көрсеткен. Зерт­теуде қыз балалардың ұл балаларға қарағанда әлеуметтік желілерді проблемалық қолдану деңгей­лерінің жоғары екені айтылады (10%-ға қарсы 14%). Ал жастардың үштен бір бөлігі (36%) достарымен үнемі интернет арқылы байланыс жасайтын көрінеді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерді проблемалық пайда­ла­нушылардың қатарында психо­активті заттарды қолдану­шылар деңгейі жоғары екені байқалған.

– Кейбір ата-ана бала тәр­бие­леу жұмысына бас қатыр­май, уа­қытша тыныштық үшін оны толықтай ғаламторға тап­сыр­ған. Өкініштісі, компьютер ойындары мен әртүрлі әлеу­­меттік желілердегі қатаң, жа­ғым­сыз әрекеттер бесік­тен белі шықпаған баланы қан­дықол қылмыскерлікке, әк­кі алаяқтыққа итермелеп қана қоймай, өзіне қол жұм­сау­ға да апарып жатыр. Кейін­гі жыл­дары елімізде әлеу­мет­тік желі мен түрлі діни экс­тре­мистік радикалистік ба­ғыт­та насихат жүргізетін сайт­тар жасөспірімдердің миын у­лап жатқаны жасырын емес. Ең күрделісі, ауырған адам­нан гөрі, ғаламтор тәуел­ділі­гіне шалдыққан «науқас­ты» емдеу әлдеқайда қиын. Ал ком­пьютердің бала денсау­лығы­на зиянын айтпағанда, сабақ үлгеріміне де айтарлықтай кері әсе­рін тигізетіні дәлелден­ген. Көбіне виртуалды әлем­нің «тұтқыны» атанатын – 6-9-сынып оқушылары, яғни 12-16 жас шамасындағы бал­ғындар. Жеткіншектердің демалысы дұрыс ұйымдас­ты­рыл­майтындықтан, олар ерік­сіз компьютерлік клубтар мен әлеуметтік желінің «құр­баны» болады. Соның нәти­жесінде иммунитеттің әлсі­реуі, психикалық нерв жүйе­сінің бұзуылуы жиілеп жатыр. Яғни ұйқысыздық, тез шаршау, жүйкенің жұқаруы күйзеліске ұшыратары анық. Ком­пьютердің алдында көп отырудың кесірінен жасөс­пірімнің қалшылдап ұстамасы ұстаған жағдайлар да кездеседі. Әрбір ата-ана баласының болашағын бүгіннен бастап ойлағаны абзал. Қажеттілік үшін пайдаланғанның өзінде пайдасы мен зиянын ескеріп шектей білуі шарт. Мұның орнын баланы қызықтыратын, логикалық ойлау жүйесін дамытатын тәсілдерге алмастырса игі, – дейді педагог-психолог Арайгүл Рахметқызы.

2023 жылы елімізде балалар арасындағы ең танымал қосымша ретінде YouTube желісі тіркелген. Оның үлесіне балалардың ең танымал 10 қо­сымшада өткізген уақыты­ның 30%-ы тиесілі. Үштікке WhatsApp және TikTok желілері кірген. Киберқауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынған кейбір сарапшылар заманауи технологияның пайдалы қызметтерін қолданарда баланың жеке шекарасы туралы да ұмытпауымыз қажет деген пікірде.

Психолог Дина Хасенова гаджеттен қол үзіп, бала назарын басқаға аударту үшін жасалатын негізгі қадамдар жөнінде кеңес берді.

– Бәрі қарапайым күн тәртібінің жүйелі жолға қойы­луынан басталады. Бала мектепке барғанға дейінгі кезеңде оған қолайлы орта қалыптастыру қажет. Балабақшаға апаратын мүмкіндік болмаған жағдайда оны физикалық жаттығуларға, дене еңбегіне баулыған дұрыс. Аулаға шығып, көршінің балаларымен ойнасын. Балаңызбен көбірек сөйлесіп, қойған сұрақ­тарына жалықпай жауап беріңіз. Жұмыстан шаршап келсеңіз де, балаңызбен тым құрығанда жарты сағат ойнаңыз, қалауын сұраңыз. 5-7 жас аралығындағы балаларға күніне гаджетке қарауға 20-50 минут уақыт берген жет­кілікті. Бала 10-11 жасқа келгенде гаджеттен күштеп ажырату қиын. Бұл жастағы балаларға тәулігіне 60-80 минуттан артық гаджет ұстамаған абзал. Қазіргі смартфондарда баланың ғаламтордағы іс-әрекетін қадағалауға арналған түрлі бағдарламалар бар. Пай­далы контенттерді нұсқаңыз. Белгілі бір уақыттан кейін телефонды өздігінен құлыптап тастайтын бағдарламаларды пайдаланыңыз. Балаңыз түн­ұзақ смартфонмен қалып қой­масын. Сабақ оқу барысында әр сағат сайын үзіліс алып, көзді демалдырған дұрыс. Телефонға үздіксіз телміру көз бен миға әсер етеді. Смартфондарды пай­даланғанда көзге ауырлық түсірмейтін, оқуға ыңғайлы режімге қойып оқу керектігін қадағалаңыз, балаңызға мұның салдарын айтып түсіндіріңіз. Электронды құрылғылардан бөлінетін сәулелер уақыт өте келе ұйқының бұзылуына әкеледі. Негізінен балалар ғана емес, үлкендер де смартфонды төсекке жатарда қолға алмағаны дұрыс, дейді Д.Хасенова.

Елімізде жыл басынан бері кәмелет жасына толмаған 134 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Ал былтыр өз өмірін тәрк еткен жеткіншектердің саны – 142. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, елімізде күніне екі бала суицид жасауға әрекеттенеді. Әлбетте, бұл оқиғалардың себебі сан ал­уан. Дегенмен ғаламтордағы онлайн ойындар мен түрлі қосым­шалар жаға ұстатар жағдайларға жиі себеп болатыны қоғамда жиі айтылады. Ақпарат кеңістігінде 12-16 жас аралығындағы жастарды саналы түрде өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін «Тихий дом», «Синий кит» секілді сұр­қия ойындардың өрімдей балаларды өмір дағдарысына түсір­гені туралы оқиғалар аз емес.

Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі жыл басынан бері суи­цидті насихаттайтын ма­териал­дарды таратудың 22 фак­ті­сін анық­тап, 19-ын жойған. Сон­дай-ақ зорлық-зомбылық туралы ха­бар тарататын 157 интернет-ре­сурсты анықтап, 56-сын бұғат­тапты. Мамандар түрлі интернет-ресурс арқылы балаларға кесірі тиетін және белгілі бір атау­лары бар қауіпті топтарды жою үшін платформалардың бас­шы­ларымен байланысқа шы­ғып, солармен жұмыс істеуге кіріскен.

Әлеуметтік желілерді қолда­нудың қауіп-қатерлерлері туралы жиі айтылғанмен, мамандар желіні жауапкершілікпен пайдаланудың артықшы­лықта­ры да аз емес екенін алға тартады.

– Жастарды интернетті зиян­сыз пайдалануға үйрету – маңызды мәселе. Техника қарыштап дамыған заманда ғылым-білімді еркін меңгеруде түрлі технологиялар – тиімді тетік. Интернетті мақсатты қолданған жастар үлкен табысқа қол жеткізіп жатыр. Интернет мүмкіндігін тиімді қолдану жасөспірімдердің әлеуметтік байланыстарын күшейтеді, – деді ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Бас­қарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова.

Еуропа мен Орталық Азия­ны қамтитын ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросы сая­саткерлерді, педагогтерді және денсаулық сақтау мамандарын бұл бағытта мақсатты іс-шаралар жүргізуге үндеп отыр. Мектептерде әлеуметтік желілерді жауапкершілікпен қолдану, интернет қауіпсіздігін және сыни ойлау дағдыларын қамтитын ғылыми негізделген бағдарламаларды енгізу, пси­хи­калық денсаулықты сақтау саласындағы қызметтер желісін кеңейту, цифрлық технологияларды проблемалық пайдаланудан туындайтын мәсе­лелерді шеше алатын құпия әрі әділ психикалық денсаулық қызметтеріне қол жеткізу, интер­нетті қауіпсіз пайдалану ту­расындағы отбасылық тәрбиені күшейту, әлеуметтік желілердің есеп беруге міндеттілігін қамта­масыз ету мәселелері басты назарда болуы керек.

Балалар суицид әлеуметтік желі

Тақырыпқа жаңалықтар