Жігітпен кездесуге барған бойжеткен ажал құшты
Алматылық бойжеткен жігітімен дәмханада алғаш рет кездескен соң қайтыс болған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы журналист Сандуғаш Дүйсенова әлеуметтік желіде жазды.
Кездесуге барған Айнагүл Кенчебаева қазанның 17-сі күні ер адамның қолынан қаза тапты.
«Алғашында олар жәй отырып әңгімелескен, кейін ер адам ішімдік ішіп алып, қызға қол жүгірте бастаған. Басында Айнагүл оны тыныштандыруға тырысқан, бірақ анық жанжал шығатыны белгілі болған кезде қыз 102 нөміріне хабарласқан. Дәмханада демалып отырғандар жігіттің қызды сыртқа алып шыққанын көрген, бірақ ешкім араша түспеген. Қазір ешкім нақты не болғанын білмейді, алайда, арада 20 минут өткен соң, қыз шақырған полицейлер келіп, қыздың қайтыс болғанын көрген.
Жігіт ешкімді өлтіргісі келмегенін, қызды тек итеріп жібергенін айтады. Қыз бордюрге басымен құлап жан тапсырған. Жігіт қорқып қашып кеткен, кейін қайта келді. Ол жедел жәрдемді шақыру үшін емес, өзімен бірге ала кеткен қыздың ұялы телефонын қайтару үшін. Бұл ұрлық па? Әлде ол, егер қыздың телефонын өзімен алып кетсе, оның сол кеште кіммен кешкі ас ішкенін ешкім білмей қалады деп ойлады ма? Ол қылмысын жасырғысы келді ме?», - деп жазды Сандуғаш Дүйсенова.
«Қыздың ата-анасының үйіне ұсталған жігіттің туыстары келіп кешірім сұрайды. Бірақ, біздің қызды олар емес, олардың ұлдары өлтірді ғой, айтпақшы, ол отбасындағы жалғыз ұл екен, біз кешірмейміз, біз қызымызды жоғалттық және ол қызымыздың өлімі үшін жауап беруге тиіс», - деп жатыр Айнагүлдің туыстары.
Айнагүлдің ата-анасы олар бүкіл таныстарын тартып, ұлдарын түрмеден шығарып ала ма деп алаңдап отыр.
Сандуғаш Дүйсенова Айнагүлдің еңбекқор, фармацевтикалық компанияның директорына дейін өскенін, қалған өмірін өзіне арнайтын сәтте, біреудің қолынан ажал тапқанын жазды.
«Қызды кеше жерледі, ата-анасы қайғыдан әлі бой жаза алмай отыр. Тек әділеттің орнауын қалап отыр», - деп жазды ол.
Алматы ПД қылмыс жасаған күдікті ұсталып, қамалғанын хабарлады.
«Түрксіб ауданы ПБ ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Күдікті 1991 жылы туған Т. есімді азамат қамауға алынды. Сараптама тағайындалды. Тергеу ПД басшылығының бақылауында», - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.