Жол қозғалысы туралы: Мопед тіркеледі. Жүргізуші куәлігі. Техникалық байқау
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары20 қыркүйек 2024, 9:00

Жол қозғалысы туралы: Мопед тіркеледі. Жүргізуші куәлігі. Техникалық байқау

Қазақстанда енді бүкіл мопед атаулы тіркеуге алынбақ. Ал оның иелері алты айдың ішінде А1 санаттағы жүргізуші куәлігін алуға міндеттеледі. Сенат "Жол қозғалысы туралы" заңға енгізілетін осындай бірнеше өзгертуді мақұлдады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жазады.

Евгений Больгерт, Сенат депутаты:

— Мопедке техникалық байқау өткізетін мекемелерге талап күшейеді. Бұрын тек ескерту жасалса, енді шешім қабылданады және де сағатына 60 шақырым белгіленген жылдамдықты асырса, жаза қолданылады. Заң азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, елімізде 80 мыңнан аса мопед бар. Алайда «Сергек» және басқа да бейнебақылау камераларының көмегімен мопед жүргізушісін анықтау мүмкін емес. Өйткені мопедте мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ. Оның үстіне басына дулыға кигендердің жол ережесін бұзса да, оқиға орнынан тайып тұратын жағдай көбейген.

Өткен сегіз айда ғана аталмыш көлік құралымен болған қайғылы оқиғадан 50 шақты адам мерт болыпты. Енді бұдан былай мопед мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін жыл сайын техникалық байқаудан өткізіледі.

«Жол қозғалысы туралы» заңға «орташа жүру жылдамдығы» деген ұғым енгізілді.

Мысалы, Тараздан Алматыға жеңіл көлікпен жету орташа есеппен 5-6 сағаттай болса, бұдан былай екі-үш сағаттта жүйткіп келген жүргізушілерге айыппұл салынады. Өйткені трасса бойындағы фото-видеотіркеу және өзге де есептеуіш құралдарының көмегімен жылдамдықты қанша асырғаны бірден анықталады.

Мас күйінде машина жүргізгендер 7 емес, енді 8 жылға дейін көлік тізгіндеу құқығынан айрылуы мүмкін.

Заңдағы осы өзгерістерге мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін, ол алты айда күшіне енеді.

Мопед Заң Талап

Тақырыпқа жаңалықтар