Қазақстан жаңалықтары5 сәуір 2024, 8:34

Жылыойда тасқыннан кәсіпкерлік нысандар мен жол бүлінді

Атырау облысының Жылыой ауданында елдімекендерді тасқын судан қорғап жатыр. Облыстық жедел штаб Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының 19 учаскесінде бөгетті бекіту қолға алынғанын жеткізді, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Жылыой ауданында 4 сәуір күні сағат 02:22-де Жем өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, 2 метр 60 см-ге жетті. Аудан орталығы – Құлсары қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан Қарағай елді мекенін су басу қаупі төнді. Күндізгі сағат 16:00-ге дейін тасқын судың салдарынан 5 кәсіпкерлік нысан су астында қалды. Құлсары-Доссор аралығындағы 1 шақырым жолды су шайды. Жол үстін басқан судың ені – 1 шақырым, тереңдігі – 15 см. Автожолдың бұл бөлігі көліктің барлық түрі үшін жабылды» деп хабарлады облыстық жедел штабтан.

Қарағай елді мекенін тасқын судан қорғау үшін құм салынған 600 қап, 1200 тонна инертті материал төселген. Ал Аққизтоғай ауылдық округінде 7 шақырым бөгет салынған. Бөгетке құм толтырылған 2 мың қап қойылған. 

«Ауданда бөгеттерді нығайту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа арналған 37 мың 700 дана қап, 114 мың тонна инертті материал дайын тұр» деп мәлім етті облыстық жедел штабтан.

 

 

Жылыой Тасқын нысандар Жол

Тақырыпқа жаңалықтар