Спорт22 қараша 2023, 17:30

EURO 2024: Рамазан Оразов — Словениямен өткен матчтың үздік ойыншысы

Футболдан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов Еуропа чемпионаты іріктеу сатысындағы 20 қарашада Словениямен өткен матчтың үздік ойыншысы атанды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.

Ел құрамасы H тобында сынға түсті. Қарсыластары - Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия мен Сан-Марино.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан құрамасының елордада өткен Солтүстік Ирландия және Сан-Марино құрамалары кездесуін тамашалап, жанкүйерлік жасады.

Қазақстандық футболшылар Солтүстік Ирландияны 1:0 есебімен жеңді.

Ал Сан-Мариноны 3:1 есебімен тізе бүктірді.

Словения және Қазақстан құрамалары өзара кездесуінде Еуропа чемпионаты финалдық сатысына берілетін екінші жолдама сарапқа салған еді.

Ел құрамасы қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберіп, өз тобында 18 ұпаймен Финляндиямен бірге үшінші-төртінші орындарға жайғасты.

Кездесу барысында Рамазан Оразов тоқсан минут бойы ойын көрсетті. Ол 47-минутта қарсыластар қақпасына гол соғып, таразы басын теңестірген еді.

Сондай-ақ, ол аталған іріктеу сатысындағы барлық кездесуде алғашқы минуттан жасыл алаңға шықты.

Бүгінде Рамазан Оразов Словенияның «Копер» командасының намысын қорғайды.

Ол 1999 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстан, Ресей, Латвия клубтарында доп тепті. Ұлттық құрама сапындағы алғашқы ойынын әлем чемпионаты іріктеу сатысында 2021 жылдың 31 наурызында Украинаға қарсы өткізді.

Euro 2024 Рамазан Оразов үздік ойыншы Словения

Тақырыпқа жаңалықтар