Қазақстан жаңалықтары21 мамыр 2024, 11:23

Алматы тұрғындары көлігін жөндетеміз деп алданған

Алматы тұрғындары соғылған көлігін жөндетеміз деп сан соғып қалды. Көлік жөндеу орталығына темір тұлпарларын кіргізген жүргізушілер машинасын жөндетпек түгілі, жұмысшылар қосалқы бөлшектерін шешіп алғанын айтады. Енді көлігіміз қирағалы тұр дейді. Тіпті кейбірі өзі мініп келген көлігін эвакуатормен алып кеткен де жағдайлар болған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Әйгерім Мамырханова жөндеу орталығының жарнамасына алданып, желтоқсан айында бір емес, екі көлігін толық бояуға қалдырған. Ақысына бір жарым миллионға жуық теңгесін санап берген. Келісім шарт бойынша жұмыс екі аптаға жоспарланған. Алайда екі апта түгілі, екі айда бітпеген соң, шыдамы таусылып көліктерін эвакуатормен алып шығыпты. Көптеген бөлшегі ұрланып, «тіпті екінші көлігім мүлде жүрмей қалды» деп отыр.

Әйгерім Мамырханова:

— Екі айдан кейін күнде-күнде күтіп, зорыққаннан кейін машинаны алып кетеміз дедік. Машинаны бергісі келмеді. Полиция шақырып, әрең алып шықтық. Бір машина жүрмейтін болып, эвакуаторға тиеп,, басқа орталыққа апардық. «Ақшаны қайтар» деген кезде, түсінгеніміз, ондай ЖШС мүлдем жоқ болып шықты. Одан кейін арыз жазып полицияға барамыз деп едік, қожайыны «қайда барсаң, онда бар, кімге жазсаң онда жаз, ақшаны қайтармаймын» деп турасын айтты.

Бір жарым миллионға жуық оқырманы бар бұл парақшаға қызығатындар көп. Өйткені мұнда темір тұлпардың кез келгенін сырлап, сынғанын бүтіндеп, түзетуге 100 пайыз кепіл береді. Не деген батпан құйрық дерсіз.

Қаладағы бұл көлік жөндеу орталығының алды қазір қаз-қатар темір тұлпарға толы. Олар бірнеше күн емес, бірнеше айдан бері тұрғанға ұқсайды. Жарқын жарнамаға сеніп көлігін жөндетуге бергендердің бірі машинасының бөлшектерінен айырылса, енді бірі көлігін ала алмай жүр.

Өтебай Ерманов:

— Көлігімді 2023 жылы қыркүйекте кіргіздім. Екі аптаның ішінде шығарамыз деген. 750 мың төледім. Екі аптада шығады деп шартта көрсетілген. Шарт осы орталлықпен жасалған. Міне, осы күнге дейін еш нәтиже жоқ. 250 мың теңгеге сайман алып бердім. Ол саймандар да жоқ.

Қайрат Бұтабаев:

— Екі ай болды бергеніме. 3 наурызда кіргізгенбіз. Машина жасалмайды, ылғи тұрады. «Әне-міне істейммен», ылғи ертеңмен созып жүр. 2 мамырда әрең алып кеттік, эвакуатормен. Жасалмаған күйінше. Сайманы жетіспейді. Бәрін салып, жалпы айтқанда, ұрланған. Біреуінің аккумуляторлары жетіспейді ,ауыстырып алып кеткен.

Алданған жұртың айтуынша, бұл көлік жөндеу орталығының артында дөкейлер тұруы мүмкін. Себебі бұған дейін жазылған арыз-шағымдар қаралмаған. Дегенмен заңгер

Ғабит Өмірбеков онымен тоқтамай, сотқа да арыз түсіру керек деп отыр.

— Қазір жәбірленушілердің бәріне жиналып, ҚР ҚПК 179-бабына сәйкес ұжымдық арыз жазуы керек. Полиция қызметкерлері ұжымдық арызды қабылдай отырып, қылмыстық топ тіркемесе, онда олар ҚК 105-бабына сәйкес, прокуратураға полицияның үстінен шағымдану керек. Егер прокуратура да полицияның қылмыстық іс тіркемегені дұрыс, келісеміз деген жауап келсе, онда Алматы мамандандырылған тергеу қылмыстық сотына беру керек. Тергеу соты сол уәждердің бәрін көріп, тыңдап, жәбірленушілердің шағымдарын, тергеушілерді де, прокурорларды да шақырып, қылмыстық іс қозғау туралы нұсқау беретін болады, дейді заңгер. 

Алматы полиция департаменті бұған қатысты іс қозғаған. Қазір алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр дейді.

— Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу амалдары жүргізілуде. Осы әрекеттердің нәтижесінде, іс нәтижесінде процесуалдық шешім қабылданатын болады. Тараптардың арасында келісімшарттар бар. Олардың толық мазмұны міндетті түрде зерттеліп, тергеуде талданатын болады. Алаяққа алданып, жылдар бойы қаржысын қайтара алмай жүргендер мен көлігінен айырылғандар тергеудің әділ жүргізілгенін қалайды. Сондай-ақ өзгелер де зардап шекпес үшін,жөндеу орталығын жауып тастауды талап етіп отыр, дейді Алматы ПД ресми өкілі. 

Алматы көлік жөндеу Алаяқтар

Тақырыпқа жаңалықтар