Қазақстан жаңалықтары15 сәуір 2024, 12:23

Әскери қызметшілер 6 облыста су тасқыны салдарын жоюға көмектесіп жүр

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 2 262 әскери қызметші, 137 автокөлік пен 5 авиация ұшағы жұмылдырылды. Ақтөбе облысы Ойыл кенті ауданындағы паром өткелімен тәулігіне 9 паром рейсі жасалды. Онда 75 адам эвакуацияланып, 35 көлік, 3 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Ақтау авиабазасының экипажы ұшқышсысыз ұшу аппаратының көмегімен Жайық өзенінің арнасындағы жергілікті жерді аэробақылау және барлау жүргізіп жатыр. Батыс Қазақстан облысында Қарулы күштердің әскери қызметшілері құм салынған қаптарды дайындау және төсеу, Жайық өзеніндегі бөгетті нығайту, Ақжайық ауылдық округіндегі Елек өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин мәлімдеді.

«Атырау облысы Махамбет ауданында Жайық өзені арнасының бойына құм салынған қаптарды төселді. Жем өзені арнасының жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді. Авиация армиясы елдімекендерден 113 адамды эвакуациялады, 11 тонна жүк тасымалданды. Атырау қаласында жергілікті жер учаскелері мен тұрғын алабының су басуын болдырмау үшін жедел штаб шешімімен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 406 адамнан тұратын жеке құрамы мен 25 техникасы жіберілді», - деді Руслан Жангулин. 

Бәйтерек ауданының Жамбыл кентінде гуманитарлық көмекті түсіру жұмыстары жүргізілді. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері Магистральный, Подстепное, Байқоныс, Заречинск, Бударин, Жаңабұлақ және Чапаев ауылдарында бөгеттер тұрғызды.

«Петропавл қаласында әскери қызметшілер қала маңындағы айналма жолды нығайту, Бескөл кенті ауданындағы бөгетті күшейту, елді мекендерден адамдарды эвакуациялау міндеттерін орындады. Есіл өзенінің шығыс жағасын нығайту жұмыстары жүргізілді. Ақмола облысы Жарқайың ауданы Заречный, Далабай, Тасөткел және Тассуат ауылдарында елордалық ерекше мақсаттағы бригаданың әскери қызметшілері тіршілік ету объектілерін электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырды. Жалпы 27 наурыз бен 13 сәуір аралығында қарулы күштерден су тасқынына қарсы іс-шараларға жеке құрамның 4 959 адамы, 166 автомобиль техникасы, 5 автобус, армия авиациясының 11 тікұшағы, 5 әскери-көліктік ұшағы жұмылдырылды», - деді Р. Жангулин.

Әскери қызметшілер Тасқын аймақтар Көмек

Тақырыпқа жаңалықтар