Placeholder
Фото: Pexels
Pexels
Қазақстан жаңалықтары17 қыркүйек 2024, 11:00

Комиссия түркі әліпбиінің неге осы нұсқасы таңдалды

Ортақ түркі әліпбиі жөніндегі декларация жарияланды. 11 қыркүйекте Әзірбайжан астанасы Бакуде Түркі әлемі ортақ әліпбиі комиссиясының үшінші отырысы өткен еді. Онда 34 әріптен тұратын түркі әлеміне ортақ әліпбидің үлгісі таныстырылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бүгін жарияланған декларацияда неге осы нұсқа таңдалғанына жан-жақты түсіндірме берілген, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Фото: Халықаралық түркі академиясы 

Біз, Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының мүшелері Нахчыван келісімшарты мен Turkic World Vision 2040 бағдарламасында атап көрсетілген және түркі халықтары арасында тілдесуді одан әрі жеңілдету үшін әліпби және терминологияда бірізділікке қол жеткізуді көздейтін мақсаттарға сәйкес, түркі әлемінің лингвист ғалымдары, ағартушылары мен мәдениет өкілдерінің түркі халықтарына ортақ әліпби әзірлеу бойынша осы уақытқа дейін атқарған орасан зор еңбегін мойындай отырып, түркі халықтары арасында бірлік, өзара түсіністік пен ынтымақтастық рухын нығайтуды көздей отырып ортақ түркі әліпбиін пысықтап, соңғы нұсқасын әзірлеу жолында ыждағаттылықпен жұмыс атқардық. Пікірталас барысында ортақ әліпби бастамасына қатысты түрлі аспектілерді жан-жақты талқыладық» дейді комиссия мүшелері.

Нақтырақ айтқанда мынадай маңызды тұстар назарға алынған:

  1. 1991 жылы ғалымдар ұсынған, түркі тілдерінің фонетикалық алуандығы ескерілген және үйрену мен қолданудың жеңілдігін қамтамасыз ететін латын графикасына негізделген 34 әріптік ортақ түркі әліпбиі жобасы қарастырылған

  2. заманауи лингвистикалық зерттеулерге негізделген тұғыр ұстана отырып, 34 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиі жобасының күшті жақтары мен жетілдіруді қажет ететін тұстарына назар аударылған

  3. түркі тілдерінің әрбіріне тән тілдік ерекшеліктеріне мұқият көңіл бөле отырып, ерекше фонетикалық белгілерді бір әліпбиде қамтуға тырысқан

  4. бір фонемаға бір әріп деген қағиданы басшылыққа ала отырып, үйрену мен қолдануға ыңғайлы, әрі барынша анық әліпби жасауды мақсат еткен

  5. негізгі латын әліпбиінде таңбаланбаған дыбыстарды дәл көрсету үшін арнайы таңбаларды енгізу қажеттігін мойындай отырып, осы белгілер үшін стандарттарға сай тәсілдерді қолдануға келіскен.

«Бұл декларацияның негізгі мақсаты — комиссия қол жеткізген келісімді рәсімдеп, латын графикасына негізделген ортақ түркі әліпбиінің қабылданғандығын растау. Барлық мүдделі тараптарды осы ұсынысты белсенді түрде қолдауға шақырамыз. Декларация түркі халықтары арасындағы ынтымақтастық пен интеграцияны ілгерілету жолындағы ынта-жігердің бір көрінісі ретінде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы мемлекеттің тиісті мекемелеріне таратылады» делінген құжатта.

 

түркі әліпбиі декларация түркі әлемі ортақ әліпби

Тақырыпқа жаңалықтар