Қазақстан жаңалықтары5 мамыр 2024, 10:00

Павлодар облысында ешқандай құжаты жоқ 6 бала табылды

Палодар облысында құжаты жоқ 6 бүлдіршін анасымен бірге облыстық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлік тексеруден өтіп жатыр. Олар – бір отбасының балалары. Балалардың ең үлкені 2016 жылы, ең кішкенесі былтыр ғана дүниеге келген. Ал ата-анасы шетелдік азаматтар екені анықталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Павлодар қаласында полиция, прокуратура, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және білім беру бөлімдерінің мамандары бірлескен рейд жүргізу барысында кәмелет жасына жетпеген 6 баланы асырап отырған шетелдік отбасыны анықтады. Балалардың туған жылдары 2016-2023 жылдар аралығын қамтиды. Олар ешбір АХАТ органдарында заңды түрде тіркелмеген, яғни туу туралы куәлігі және ЖСН-дері жоқ. Денсаулық сақтау және білім беру нысандарында бекітілмеген. Бұл Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу болып табылады», - деп мәлімдеді департаменттен.

Қазір балалар анасымен бірге облыстық балалар аруханасына жатқызылып, дәрігерлік бақылауға алынды. Аурухана директорының орынбасары Ирина Орсагоштың айтуынша, отбасы мүшелерінің барлығын дәрігерлер тексеріп шыққан. Денсаулық жағдайлары тұрақты, бірақ дәрігерлік бақылау мен күтімді қажет етеді.

Жергілікті мемлекеттік органдар бүлдіршіндерге туу туралы куәлік пен ЖСН, сондай-ақ отбасыға ҚР аумағында уақытша тұруға рұқсат беретін құжаттарды ресімдеуге жәрдемдесіп жатыр.

 

Павлодар облысы құжатсыз балалар

Тақырыпқа жаңалықтар