Қазақстан жаңалықтары12 маусым 2024, 10:00

Қазақстанда 140 сот-медицина сарапшысы жетіспейді

Қазақстанда 140-тан астам сот-медицина сарапшысы жетіспейді. Министрдің сөзінше, қазіргі таңда сот сарапшысының мәртебесін көтеру мәселесі өзекті болып тұр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараев Сенат депутаттарымен кездесу барысында мәлімдеді, - деп жазады Kazinform агенттігі. 

«Құқық қорғау органдары тарапынан сот сараптамасы қызметіне сұраныстың жоғары болуына қарамастан кадр тапшылығы анық байқалады. Оған еңбекақының төмендігі, жүктемесі ауыр жұмыс кестесі және әлеуметтік кепілдіктердің жоқтығы себеп», — деді министр.

Әділет министрлігінің дерегінше, сот сараптама орталығында 1076 сарапшы жұмыс істейді. Алайда сараптама көлемі жыл санап артып отыр.

Мәселен 2023 жылы сот сараптамасының 57 түрі бойынша 408 924 сараптама жасалған.

Бұл — орта есеппен айына бір сарапшыға 34 сараптама қорытындысын жасауға тура келеді деген сөз.

Айта кетейік сот сарапшылары мен сот-медицина сарапшыларының жалақысын көтеру үшін жыл сайын 1,158 млрд теңге қаражат қажет.

Сонымен қатар депутаттарға еліміздері мәйітхана ғимараттарының тозғаны баяндалды.

Институт ғимараттары (сот сараптамаларының ғылыми-практикалық орталығын қоспағанда) техникалық тұрғыдан жарамсыз, моральдық тұрғыдан ескірген және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, сондай-ақ сот сараптамасын жүргізу үшін арнайы жарақтандырылған ғимараттарға қойылатын стандарттар мен талаптарға (аудан нормасы, инсоляция, дыбыс оқшаулау, желдету деңгейі) сәйкес келмейді.

«Аумақтық бөлімшелердің бүкіл ғимараттарында атыс және газ қаруына, жарылғыш құрылғы мен жарылғыш заттарға, өнеркәсіптік жабдықтар мен көлік құралдарының бөлшектеріне, өрт пен жарылыстан қалған қалдықтарға эксперименттік зерттеу жүргізу үшін арнайы жабдықталған үй-жай жоқ», -деді Сот сараптамалары орталығы директорының міндетін атқарушы Руслан Сатывалдеев.

Өз кезегінде сенаторлар бұл мәселені назарға алып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, қажет болса заңнамаға өзгеріс енгізуге әзір екенін айтты.

Қазақстан сот-медицина сарапшы тапшы

Тақырыпқа жаңалықтар