Қазақстан жаңалықтары8 сәуір 2024, 20:04

СҚО-ның Новоишимское ауылында 8 үй су астында қалды

Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданы Новоишимское елді мекеніне су кіріп, кей жерлерде биіктігі 2 метрге дейін жетті. Үйлерін су басқан тұрғындар дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Руслан Аңбаевтың айтуынша, аудан бойынша жалпы 9 үйге су кірді. Оның 8-і — аудан орталығы Новоишимское елді мекенінде, біреуі — Дружба ауылында, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Үй жануарлары қауіпсіз жерге шығарылды. 50 орынға шақталған эвакуациялық пункт дене шынықтыру-сауықтыру оратылығында орналасқан. Бірақ үйін су басқан тұрғындардың барлығы туған-туыстарына кетті. Қазір жағдай тұрақталды, су деңгейі ақырындап түсіп жатыр. Күнделікті мониторинг жүргізіліп, бақылауда ұстап отырмыз. Қостанай және Ақмола облыстарының біздің ауданмен шекаралас жатқан аудандарының жергілікті атқарушы билік өкілдерімен байланыс бар. Есіл өзенінің жоғары жағында су деңгейі түсіп жатыр», — дейді Руслан Аңбаев.

Аудан әкімінің айтуынша, Тоқсан би ауылының маңындағы гидрологиялық бекетте биылғы су деңгейі 2017 жылғы көрсеткіштен 3 метрге артып, 15 метрге жеткен.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Есіл өзенінің жағалауы мен су басқан үйлер арасы 100 метр шамасында. Бұл Новоишимское елді мекеніндегі ең төмен орналасқан жер. Бөгетпен қорғау тиімсіз, өйткені жоғары жақтан аққан қарғын су осы жер арқылы өтіп Есілге құйылады. Дамбамен бекіткен жағдайда тұрғындар қарғын судың астында қалады. Әрі оның ұзындығы 2,5 км, биіктігі ең кемінде 4 метр болуы тиіс. Қазір үйлерін су басқан тұрғындармен сөйлесіп, бұл жерде тұрудың қауіпті екенін түсіндіріп жатырмыз. Оларға басқа жаққа көшуді ұсынамыз. Елді мекеннің байырғы тұрғындарымен де сөйлестік. Соңғы 50-60 жылда мұндай су тасқыны болмаған екен. 2017 жылғы су тасқыны кезінде де су үйлерге жетпеген. Ал биыл ол ең кемінде 1,5 метрге көтерілді», — дейді Руслан Аңбаев.

Үйлеріне су кірген тұрғындарды көшіру үшін ауданда жалпы 30 шақты эвакуациялық бекет дайындалды.

Олар негізінен білім, спорт нысандарында орналасқан.

 

Новоишимское СҚО Тасқын үйлер

Тақырыпқа жаңалықтар