Қазақстан жаңалықтары15 қаңтар 2024, 9:00

Тұңғыш рет қазақ тұлпары әлемдік жарыста мәрені бірінші болып кесті

Дубайда өткен 2000 метрлік бәйгеде 13 тұлпар бақ сынап, қазақ тұлпары мәрені бірінші қиған. Дубайды дүбірлеткен Каверхан тұлпардың қазіргі иесі – Астанада тұратын оралдық Тілек Мұхамбетқалиев, - деп хабарлайды Arbat.media

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы «Бәйге» федерациясының баспасөз қызметі инстаграм парақшасында жазды.

Тұлпарды Қазақстанға 2021 жылы 1.5 жасында Надир Хасанов деген атбегі Америкадан өзінің досына Алматыға әкеліп берген. Оның айтуынша, алғашқы жарысын Алматы ипподромында бастаған жүйрікті Руслан Юлдашев дайындаған. Сол жылы Каверхан ұшқыр бәйгеде үш ресми старт жасап, жүлдегер атанған. Сөйтіп өз қашықтығында екі жастағы арғымақтар арасында Қазақстанның ең үздік ұшқыры атанған.

Кейін оны бәйге науқаны аяқталған соң оралдық Тілек Мұхамбетқалиев сатып алып, Ресейге алып кетеді. Ресейде Каверханды Арыстангерей Шавуев есімді жаттықтырушы дайындап, Ресейде екі рет Дербидің үздігі атандырады. Жалпы ол жақта алты старт жасап, оның бесеуінде бірінші боп келген. Соңғы бүкілресейлік бас Дербиде ғана Херомо атты тұлпардан кейін екінші боп келген екен.

2023 жылдың қараша айында ат иесі Каверханды Дубайдағы бәйгелерге сынауға алып барады. Дубайдағы жаттықтырушысы – Дуглас Уотсон.

Айтарлығы 85-105 рейтингіндегі тұлпарларға арналған гандикап бәйгесінде  Каверхан Ресейде қалып қойған Херомодан оза шапты. Өзге қарсыластары да осал емес, олар әр түрлі елдерден келіп, Дубайда бір жылға жуық дайындықта тұрған. Каверхан ол жақта небәрі екі айдай ғана дайындалып шапқан екен.

Енді Каверханның алдында тағы бір осындай бәйге тұр. Сол жерде үздік атанса Бүкіләлемдік кубок үшін бақ сынайды.

Каверханның жеңісі – Жайық өңірінің тумасы, белгілі атбегі Тілек Мұхамбетқалиевтің есімін әлемдік спорт тарихына жазды.

          БҚО «Бәйге» федерациясы. Инстаграм

 

қазақ тұлпары Тілек Мұхамбетқалиев бәйге Дубай

Тақырыпқа жаңалықтар