Қазақстан жаңалықтары27 маусым 2024, 16:05

Жекешелендіруге арналған сайт іске қосылады

Елімізде жекеге берілетін объектілердің тізімі жасақталып, көпшілікке жария етіледі. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров мәлім етті. Астанада Жекешелендіру ұлттық кеңсесінің алғашқы отырысы өтті. Оған Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Агенттік басшысының айтуынша, жекешелендірілген объектілерге міндетті түрде ревизия жүргізіледі, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Жекешелендірудің методологиясы, тәсілдері мен механизмдерін қарастырдық. Жұмыс жоспары мен кестесін де бекіттік. Жекешелендіруге жататын объектілерге талдау жасап, олардың тізімін жасақтаймыз. Мақсат – жекешелендіру процедурасын толық ашық өткізу, ол үшін арнайы сайт іске қосылады. Жекешелендіруге бірінші кезекте бәсекеге қабілетті объектілер қаралады, оның ішінде әлеуметтік нысандар да бар. Объекті сатылғаннан кейін өз бейіні бойынша жұмыс істеуі. Жекешелендірілетін объектілердің алдын ала тізімі бар, оны шілдеде нақты жасақтаймыз. Тізім үлкен, әлеуметтік нысандарды қоспағанда 500-ден астам объекті бар. Жекешелендіруге жататын объектілердің тізімі жарияланады және біз оны кеңінен насихаттап, жарнамалаймыз. Жекешелендіру саясатын жүргізудегі мақсат – алдымен мемлекеттік бюджетке салмақты азайту, активтерді тиімді пайдалану және басқару. Сондай-ақ, кәсіпкерлікдің еркін дамуына мүмкіндік жасау», - деді Марат Омаров.

 

жекешелендіру Сайт Қазақстан

Тақырыпқа жаңалықтар