170 борышкер алимент төлемес үшін ақшасын әмиянға сақтап қойған
1 шілдедегі жағдай бойынша 253 мың қаскөй ата-ананың 367 мың бала алдындағы борышы 19 млрд теңгеге жеткен. Бас прокуратура алимент төлемей жүрген ата-анамен күресті жалғастырып жатыр. Борышкерлер берешекті төлемеуді жұмыстың жоқтығымен ақтайды. Шынында да, олардың көпшілігі ресми түрде жұмыссыз және жұмысқа орналасу үшін шара қолданбайды. Іс жүзінде қазіргі заманғы табыс көздері, такси және жеткізу қызметтері (Яндекс, Wolt, Glovo, Indriver) борышкерлерге еңбек шартын жасамастан кіріс алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік желілер де (Facebook, Instagram, Twitter, TikTok және YouTube) жақсы табыс әкелуі мүмкін. Мысалы, оқырманы көп аккаунт иелері жарнамадан ақша табады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қаскөй борышкерлер балаларды асырап бағу міндеттемесін орындаудан жалтару мақсатында осындай табысын жасырып, ақшаны электронды әмияндарда сақтайды, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Қазір қызметтердің барлық салалары электронды төлем әдістеріне көшті.
2023 жылы Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі — 86,2%, транзақция көлемі 142,6 трлн теңгені құраған.
Кірістер (ресми және ресми емес) карт-шоттарға түседі.
Балалардың мүддесін қорғау мақсатында прокуратура органдары өз өкілеттігі шегінде осындай жасырын табысты анықтау және борышкерлерді заңда белгіленген жауапкершілікке тарту жөнінде шара қабылдап жатыр.
Астана прокуратурасы электронды әмияндарда 350 млн теңгеден астам сомаға ақшасын жасырған 170 қаскөй борышкерді анықтады.
Алимент төлеуден жалтару фактілері бойынша (ҚҚ-нің 139-бабы бойынша) 30 сотқа дейінгі тергеу басталып, осыдан кейін 45 млн теңгеге берешек өтелді.
Қылмыстық істердің нәтижесінден 7 борышкерге бас бостандығын шектеу және қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.
2 іс татуласуына байланысты тоқтатылды, тағы 20 істі полиция тергеп жатыр, бір іс соттың қарауында.
Жалпы, жыл басынан бері прокурорлық қадағалау шараларымен 15,5 мың баланың құқығы қорғалды, сот орындаушылары олардың пайдасына 2,3 млрд теңгеден астам қарызды өндірді.
Алимент төлеуден жалтарған 1,7 мың борышкер қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылды.
Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда.