6 857 орын: Биыл елімізде 18 жаңа студенттік жатақхана пайдалануға беріледі
2026 жылы Қазақстанда 6 857 орындық 18 студенттік жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
Министрдің сөзінше, жаңа жатақханалар жастардың сұранысына сай, жайлы форматта жасақталып жатыр.
Астана қаласында Қазақ ұлттық спорт университетінде жаңа 2 жатақхана 1,5 мыңнан астам студентті орналастыруға дайын. Ашылуы 22 тамыз күні өтеді.
Алматы қаласында Халықаралық білім корпорациясының 339 орындық замануи жатақханасы биыл қолданысқа берілді.
Қазір 7 жатақхананы іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 11 жатақхана іске қосылады.
«Оқу жылының басында студенттерден түсетін өтініштердің негізгі бөлігі жатақханаға орналастыру мәселелеріне байланысты. Осыған себепті Алматы қаласында Ахуалдық және Дағдарыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылды. Ахуалдық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында жұмыс істейді. Мұнда студенттер мен ата-аналарға жатақханаға орналасу тәртібі, қажетті құжаттар және өтініш беру мәселелері бойынша нақты ақпарат беріледі», - деді Саясат Нұрбек.