Алакөл аудандық мәслихатының депутаты кісі қолынан қаза тапты
Үшарал қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде ер адам пышақ жарақатын алып, ауруханаға жетпей қайтыс болды, - деп хабарлайды Arbat.media
Бұл туралы Жетісу облысы полиция департаменті мәлімет берді.
«Алакөл аудандық полициясына Үшарал қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде мас адамның құрылысшыларға қоқан-лоққы көрсеткені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары 24 жастағы жергілікті тұрғынның қарсылық көрсеткен азаматты пышақпен жарақаттап, қашып кеткенін анықтады. Жүрек тұсынан жарақат алған 34 жастағы тұрғын „Жедел жәрдем“ көлігінде қайтыс болған. Қылмыс бойынша күдікті ұсталды», — деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаменті.
Қаза болған адам Алакөл аудандық мәслихатының депутаты Дәурен Слямов екені жазылды.
Аудан орталығындағы құрылыс нысандарының бірінде құрылысшылар мен ішімдік ішкен адамның арасында келіспеушілік туғаны айтылады.
Ол жұмысшыларды пышақпен қорқытқан. Осы сәтте оқиға орнына келген мәслихат депутаты құрылысшыға ара түсіп, бұзақымен сөзге келген. Ол Дәурен Слямовқа пышақ сұғып алған.
Депутат жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.
Слямов ауыл шаруашылығын, экологияны, көлік және коммуникацияларды, құрылысты, индустриалды-инновациялық және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі комиссияның мүшесі болған.