Алаяқтар қарттарды алдап 24 млн теңге пайда көрген
Семейде өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар зейнеткерлерді алдап 24 млн теңге пайда көрген, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қазан айының ортасынан бастап Абай облысы ПД алаяққа алданып қалған семейліктердің арызы күрт көбейген. Алдын ала сөз байласқан белгісіз біреулер өзін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, қарт кісілерге хабарласып отырған.
«Оларға телефон арқылы қоңырау шалып, қызы немесе ұлының жол апатына түскенін жеткізеді. Жалған полицейлер баласын босату үшін ақша талап еткен. Бұған сенген тұрғындар ақшаны курьерлерге береді», - дейді облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Шалқар Құнанбаев.
Жәбірленушілерге 24 млн теңге залал келтірілген. Жедел іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары 19 жастағы күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Оның сыбайластары іздестірілуде. ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне (Алаятық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.