Қазақстан жаңалықтары29 мамыр 2024, 9:12

Алматыда 26 қайырымдылық мекеме лицензиясынан айырылды

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелері қауымдастығына кіретін 26 тұлғаның мемлекеттік тіркеуі жойылып, қызметі тоқтатылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Жоғарғы сот мәліметінше, уәкілетті орган тексерісінің қорытындысы бойынша Алматы қаласында қайырымдылықпен және білім беру саласындағы қызметпен айналысатын 26 мекеменің тек 11-і нақты жұмыс істеген, ал 15-і тіркелген жерінде жоқ екені анықталған.

Олардың қатарында «Ана Аманаты» қыздар мектеп-интернаты, «АМАНАТ әлеуметтік балалар үй-интернаты», «Алмалы» әлеуметтік балалар үйі-интернаты, «Сауран-Ислам мәдени орталығы» және тағы басқа қайырымдылық ұйымдары бар.

«Мекемелерде балалардың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты, соның ішінде көші-қон, еңбек, жер, экология және тұрғын үй мәселелеріне қатысты өрескел заң бұзушылықтар орын алған. Сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, өрт қауіпсіздігі талаптары, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, діни, қайырымдылық және қаржылық-шаруашылық қызмет салаларында бұзушылықтар анықталды»,- деп хабарлады соттан.

Іс жүзінде мекемелердің жұмысы олардың жарғылық мақсаттарына қайшы келеді. Оның үстіне, олардың кейбіреулері білім беру қызметін тиісті лицензиясыз жүзеге асырған. Балалардың тиісті білім, тәрбие және дер кезінде медициналық көмек алу құқықтары мен бостандықтары айтарлықтай бұзылған.

Қайырымдылық мекемелерінің діни көзқарасы расталып, ҚР Мұсылмандары діни басқармасының «Жібек жолы» мекемесімен меморандумы біржақты тәртіпте тоқтатылған. Заң нормаларын бұзған аталған мекемелердің бірқатарына және олардың басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған (кәмелетке толмағанның өз-өзіне қол жұмсауы, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни араздықты қоздыру, сотпен экстремистік және террористік деп таныған әдебиеттерді табу).

Осыған орай, бірінші сатыдағы сот талап қоюды толық қанағаттандырды.

«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен 26 қайырымдылық мекемесінің мемлекеттік тіркеуі жойылып, қызметі тоқтатылды»,- деп атап өтті соттан.

Апелляция бұл шешімді күшінде қалдырды.

қайырымдылық мекеме Алматы Лицензия айырылу

Тақырыпқа жаңалықтар