Қазақстан жаңалықтары23 қаңтар 2024, 20:26

Алматыда зілзаланың салдарынан ауруханаға түскендердің саны артты

Алматыда зілзаладан зардап шеккендер барлық қажетті медициналық көмекті толық көлемде алып жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media

Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызмет және мониторинг, талдау, цифрландыру және мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Ләйлә Иманғалиева айтты. 

Спикердің сөзінше, 23 қаңтар сағат 17:00-дегі жағдай бойынша Алматы қаласының ауруханаларына 67 адам медициналық көмекке жүгінген. 

«Оның 55-сі ересек адам, 12-сі бала. 8 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 3 ересек адам мен 5 бала бар. Қалған науқастар барлық қажетті тексеруден кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді. 3 ересек науқас Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жатыр. Науқастардың бірі отадан кейін жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Екі науқас травматология және ортопедия бөлімшесінде жатыр, жағдайы орташа ауыр. Балалар жедел медициналық жәрдем орталығында 4 бала: 6 және 7 айлық, 7 және 16 жастағы балалар медициналық көмек алып жатыр. Олар үйде құлағаннан кейін жарақат алған», - деді Ләйлә Иманғалиева.

Сәбилерге келетін болсақ, бір сәби анасының құшағынан, екіншісі бесіктен құлаған. Барлық баланың жағдайы орташа тұрақты деп бағаланады. Олар нейрохирургия және травматология бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Хирургиялық ота жасалмады, емі консервативті болды. 

«ЖРВИ диагнозы қойылған 17 жастағы жасөспірім қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр», - деп атап өтті спикер.

Алматы зілзала салдары медицина Көмек

Тақырыпқа жаңалықтар