Қазақстан жаңалықтары15 наурыз 2024, 9:23

Алматылық компания зейнеткердің атынан несие рәсімдеген

Мүгедектігі бар Бердібек Бітібаевқа әлдебір компания массаж жасайтын креслоны сыйға тартамыз деп, кейін несиеге рәсімдеткен. Алданып қалған ол не тауарды қайтара алмай, не ақшаны төлей алмай дал, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«Көзіңізді тексеріп, көзілдірік береміз»

Өскемен қаласында тұратын Бердібек Бітібаев – ай сайынғы зейнетақысына күн көріп, қалт-құлт етіп отырған көп қазақтың бірі. Жасы 65-те. Бала күнінде биіктен құлаған оның ІІІ топтағы мүгедектігі бар.

«Әкемнің телефонына хабарласқан бейтаныс адам өзінің бір компанияда жұмыс істейтіндігін айтқан. Алматыдан Өскеменге келетіндіктерін, көзін тегін тексеріп беретіндіктерін, тіпті көзілдірік сыйлайтындықтарын жеткізеді. Тегін деген соң ол қуанып, келісілген уақытта барған. Қаладағы мейрамханалардың бірінде екінші қабаттағы кеңсені жалға алған компания қызметкерлері әкемді құтты қонақтай қарсы алыпты. Бірақ көз жайына қалып, массаж жасайтын креслоны көрсете бастаған», - дейді қызы Мадина Кәрімова.

Оның айтуынша, компания мамандары әуелде әкесіне массажерді, жастық пен көрпені сыйға тартатындықтарын жеткізген. Сәлден соң ол үшін креслоны жеңілдікпен сатып алу керектігін алға тартқан.

«Егер қолда ақшаңыз болмаса несиеге рәсімдеп бере аламыз. Банкке барудың қажеті жоқ. Тек осында қол қойсаңыз жеткілікті. Ай сайын 19 мың теңгеге жуық қана төлейсіз. Ал креслоның сіздің денсаулығыңызға берері мол. Ақшадан денсаулық қымбат қой» деп әкемнің басын айналдырып, қол қойғызып алған. Әкем құжат жағынан мүлде хабары жоқ, ішін ашып оқымаған. Көзі де дұрыс көрмейді. Көзілдірік береміз дегеннен кейін барып, несие арқалап келді. «Тегін ірімшік тек қақпанда» деп бекер айтылмаған ғой. Бірақ қызықтың көкесі бұл ғана емес екен», - дейді.

Арада бір айға жуық уақыт өткенде компаниядан хабарласып, «Несиені неге төлемей жатырсыз?» деген. Бердібек Бітібаев төлегенін айтқан. Сол кезде компания қызметкерлері оның 63 мың теңге сомасында екінші несиені төлеуі тиістігін жеткізіпті.

«Сөйтсек, әлгілер бір емес екі несие алғызып тастапты. Нақты сомасын айтсақ, біріншісі – 18 850 теңге, екіншісі – 63 333 теңге. Әкеме бұл туралы мүлде жақ ашпай, алдап қол қойғызады. Мен оларға «Бұлай болмайды! Тауарларыңызды қайтарып алыңыздар. Ашылмаған күйі тұр» деп едім, «Жоқ, тауарды тек 14 күн ішінде кері қайтара аласыздар. Ол мерзім өтіп кеткен» деп жауап берді. Әрбір қадамын алдын ала ойластырып алған компания қайтару мерзімі өткенін тосып барып әкеме хабарласты. Бұл алаяқтық емей немене?!» - дейді Мадина Кәрімова.

Ол полицияға арыз түсіргендерін де жеткізді. Бірақ тәртіп сақшылары іс қозғаудан бас тартқан.

«Сіз сатып алу және сату келісімшартын жасасып, қол қойғансыз. Құжатта несие туралы көрсетілген», - делінген қалалық ПБ Ертіс полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы А. Жұмекеновтің қолы қойылған жауап хатта.

Алматы алаяқ Несие Зейнеткер

Тақырыпқа жаңалықтар