Ақтауда апатқа ұшыраған Әзірбайжан ұшағына қатысты тергеу қашан аяқталады?
Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (Azal) ұшағына қатысты тергеу есебі жыл соңына дейін ұсынылады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді.
Қазір күрделі сараптамалар, тереңірек тергеу жүргізіліп жатыр.
Журналистер: «тергеу жыл соңына дейін аяқтала ма?» деп сұрағанда, ол тергеу жалғасып жатқанын және күрделі сараптамаларды қамтитынын жеткізді.
«Үш айдан кейін алғашқы алдын ала қорытындылар толық көлемде ұсынылды. Қазір тереңдетілген тергеу жүріп жатыр. Онда өте күрделі сараптамалар мен ауқымды жұмыс бар. Тергеу аяқталған соң, алдыңғы есеп сияқты, толықтай БАҚ-қа ұсынылады. Мерзім бойынша қазір нақты айта алмаймыз. Бұл — өте маңызды мәселе, сондықтан нақты уақытын айту қиын. Бірақ жыл қорытындысы бойынша ақпарат береміз», — деді Қалиақпаров.
Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады.