Ақтөбедегі жол апаты: үш баласы мен күйеуінен айрылған әйел заңсыз тергелген
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары29 тамыз 2024, 9:34

Ақтөбедегі жол апаты: үш баласы мен күйеуінен айрылған әйел заңсыз тергелген

Жол-көлік апаты кезінде үш баласы мен күйеуінен айырылған С.Жақсылықова жазықсыз жауапқа тартылғаны үшін моральдық және материалдық шығынды өндіруді талап етті. Сот шешімімен оған 3,3 млн теңге өндірілді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ақтөбе қаласы №3 сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, С.Жақсылықова моральдық зиян мен адвокат еңбегін төлеуге жұмсалған шығындарды өндіру туралы талап-арыз түсірді.

- Әйтеке би аудандық соты айыпталушыны ақтады. Сол кезде талап қоюшыға қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылғаны үшін келтірілген зиянды өтеу құқығы түсіндірілді. Сот талап қоюшының қозғалыс еркіндігі шектеулі болғанын, болған оқиғада отбасынан, оның ішінде үш кәмелетке толмаған баласынан айырылғанын, басынан өткен моральдық азаптарын ескере отырып, оның пайдасына 2 000 000 теңге моральдық зиян және қылмыстық іс жүргізу кезінде адвокаттың еңбегін өтеуге кеткен 1 300 000 теңге шығынын өндірді. Соттың шешімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы №3 сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Әйтеке би аудандық сотында Қылмыстық кодекстің «Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан жол қозғалысы қағидаларын бұзу» бабы бойынша іс қаралды.

Іс материалына сүйенсек, 2023 жылдың 21 ақпан күні сағат шамамен 14:00-де сотталушы әйел жолдасы және 3 баласымен Ақтөбе қаласынан Т.Жургенов ауылына бағыт алған. Тергеушілер «Mitsubishi Montero Sport» маркалы автокөлігін айдаған әйел «Самара-Шымкент» тас жолының 921 шақырымында жолдың қарсы бағытына шығып, тіркемесі бар «VOLVO» маркалы жүк көлігімен соқтығысқанын тіркеді.

Оқиға салдарынан барлық жолаушы, яғни, үш бала мен күйеуі көз жұмды.

Ақтөбе Жол апаты заңсыз тергеу

Тақырыпқа жаңалықтар