Қазақстан жаңалықтары26 наурыз 2024, 12:00

Ақтөбенің 3 ауданында қар еріп, үйлерді су алды

Ақтөбенің Мұғалжар, Темір, Байғанин аудандарында қар суының ағыны күшейіп, бірнеше үйге су кірді. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетовтің айтуынша, бүгін түстен кейін Ембі қаласының бір көшесі арқылы су аққан. Ағыс қатты болып, бірнеше үйге су кірді. Салдарынан жолды жыруға тура келді, - деп хабарлайды Arbat.media.

- Алтынды-Ембі бағытындағы жол жырылды. Қазір су сайға ағып жатыр,- деп хабарлады аудан әкімі Дархан Ермағанбетов.

Сонымен бірге Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылының Бәйішев, Барақ батыр көшелері бойында үйлердің аулаларына су кірді.

- Су тасқынына қарсы жұмыстарға 15 техника 150 адам жұмылдырылып жатыр. Үйлерге су кірген-кірмегені әлі анықталған жоқ, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ауыл тұрғыны Самат Әлденовтің айтуынша, дала жақтан су көп келе бастағанда жол жыру жұмысы кеш жүргізілген. Бұл жағдай былтыр да болды.

- Былтыр суға кетті үйім. Маған шығын ретінде 300 мың теңге берді. Ал мен бір бөлмені жөндеуге 350 мың теңге жұмсадым. Биыл да жағдай қайталанды. Ерте қимылдап, жолды жырғанда мұндай болмас еді,- деді ауыл тұрғыны Самат Әлденов.

Сондай-ақ Темір ауданының орталығы Шұбарқұдықта көшені су басты.

- Кереев көшесінің суағары «Елмұрат» дүкенінің қасында орналасқан. Алайда ағыс күшейіп, су тез жинала бастады. Сондықтан Задепо аймағында орналасқан шлюз жабылып, су ағысын Қазақауыл аймағында жасалған суағарға бұрып жатырмыз. Тұрғын үйлерді су басу қауіпі жоқ. Мәселе аудан басшылығының бақылауында, - деп ақпарат таратты Темір ауданының әкімдігі.

Ақтөбе аудандар топан су

Тақырыпқа жаңалықтар