Қазақстан жаңалықтары30 желтоқсан 2023, 9:12

Арыстанбек Мұхамедиұлы қандай қылмыс жасады деп айыпталып отыр

Астанада бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты жаңа іс аясында басты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Сотта екі эпизод — «Дипломат» қонақүйін тартып алу және «Алтын адам шеруі» көрмесін өткізу кезіндегі билігін асыра пайдалану, рейдерлік әрекет қаралып жатыр.

Прокурор Олжас Хайруллаевтың айтуынша, Арыстанбек Мұхамедиұлына Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі (қылмысты ұйымдастыру) және 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (заңсыз иелену немесе талан-таражға салу, яғни сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқыру) бойынша айып тағылған. 

Экс-министр ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (жауапты мемлекеттік лауазымда отырған тұлғаның ауыр салдарға алып келген қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануы), 24-бап 3-бөлім (қылмысқа оқталу), 249-бап 1-бөлігі (рейдерлік), 250-бабында (өкілеттігін асыра пайдалану) көзделген қылмысты жасады деген күдікке ілінген. 

Арыстанбек Мұхамедиұлымен бірге Алмас Нұразхан, Абай Сатыбалдин, Леонид Кочетов, Азамат Көшенов, Айым Сәдуақасова, Гүлзат Жуаспаева да сотта жауап беріп жатыр. 

2019 жылы Diplomat қонақ үйінің иесі К. есімді кәсіпкер Арыстанбек Мұхамедиұлына жүгініп, материалдық көмек сұраған.

Мұхамедиұлы оған 2,5 млрд теңге беруге келісіп, оның орнына жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің 71 пайыз капиталын қайын енесінің атына рәсімдеуді сұраған.

Тергеу тарапы экс-министр сол кезде қонақүйді өз билігіне алуды жоспарлаған деген пайым жасап отыр. 

Мәміле жасалғаннан кейін біраз уақыт өтіп, А.Мұхамедиұлы К. есімді кәсіпкерден капиталдың қалған 29 пайызын беруін талап еткен. Тиісінше ол бас тартқан.

Содан кейін айыпталушы «Дипломат» қызметкерлеріне өзін осы кешен иесі ретінде көрсетіп, оларға ЖШС директорын қонақүйге кіргізбеуді тапсырған.

Артынша А.Мұхамедиұлы серіктестік қатысушыларының жиналысын ұйымдастырып, хаттаманы қолдан жасап, ЖШС басшысы атанады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы тағылған айыппен келіспеді.

 

Арыстанбек Мұхамедиұлы Қылмыс Айып сот

Тақырыпқа жаңалықтар