Астанада рұқсаты жоқ тұрғын үй кешені бұзылып жатыр
Астанада құрылысы рұқсат құжатсыз жүргізіліп жатқан «Көктөбе» тұрғын үй кешені бұзылып жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Кazinform бұл туралы қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап жариялады.
Тұрғын үй кешені Алматы ауданындағы Ш.Қалдаяқов пен К.Әзірбаев көшелерінің қиылысында салына бастаған. «Global Millennium» ЖШС құрылыс компаниясы тіреуіштерін қағып, шұңқырын қазған, сондай-ақ іргетасын құйып, 1-қабатын тұрғызған.
Құрылыс салушы келісімшарт талаптарын орындамаған және нысанның құрылысын өз бетінше бастаған. Құрылыс нормаларын бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 316-бабы (тиісті жобалау-сметалық құжаттаманың болмауы), 319-бабы (жерге тиісті меншік құқығы болмастан өндірістік, тұрғын үй нысандарын заңсыз салу), 321-бабының 1-бөлігі (құрылысты техникалық және авторлық қадағалаусыз жүргізу), 463-бабының 1-бөлігі (іс-қимылдарды рұқсатсыз жүзеге асыру) бойынша ұйғарым бере отырып жауапқа тартылған.
Бас мердігер «DBK-Engineering» ЖШС-ға қатысты аталған кодекстің 313-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама (осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген ғимараттардың, құрылыстардың, олардың бөліктерінің немесе жекелеген конструктивті элементтердің беріктігі мен орнықтылығын жоғалтуына әкеп соққан іс-әрекеттер) толтырылған.«Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының талабын қолдады және құрылыс салушыны тұрғын үй кешенін бұзуға міндеттеді», - делінген әкімдік хабарламасында.