Ата-анасын «өлтіріп» ақша жинаған астаналық тергеуге алынды
Елордада әріптестерін алдап ақша жинаған ер адамды полиция тексеріп жатыр, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ер адам жұмыстан уақытша босату туралы өтініш жазып, әкесінің қайтыс болғанын айтқан. Басшылық көңіл айтып, оған демалыс берген. Ал әріптестері қаржылай жылу жинап берген.
Бір апта өткен соң ол әріптестеріне анасының да дүниеден өткенін хабарлап, тағы да көмек сұраған. Алайда әріптестері күдіктеніп, жағдайды анықтау үшін анасына хабарласқан кезде оның тірі және денсаулығының жақсы екенін білген.
Осылайша ер адамның бар өтірігі ашылды. Анықталғандай, 20-дан астам қызметкер оның есепшотына әртүрлі мөлшерде ақша аударып, көмек қолын созған. Ал ол түскен қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.
Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.