Атырау қаласының бұрынғы әкімі екі ай қамауда отырады
Атырау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаев екі ай қамауда отыратын болды, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Атырау қаласының мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен Қайрат Оразбаевқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Атырау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Оразбаев қамауға алынған еді. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«2020-2022 жылдар кезеңінде әкімдіктің лауазымды тұлғалары жеке тұрғын үй құрылыстары үшін рекреациялық аймақтарға, оның ішінде жасыл желек аймақтары, саябақтар, скверлер, жағалаулар және тағы басқа санатқа жататын жер учаскелерін заңсыз бергені анықталды. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша тергеу шеңберінде Атырау қаласының экс-әкімі Қайрат Оразбаев ұсталды», - деп мәлім етті прокуратураның баспасөз қызметінен.
Қайрат Оразбаев еңбек жолын мұнай-газ өнеркәсібінде бастаған. Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры, кейін Атырау қаласының әкімі лауазымын атқарған.